
2025 жылдың қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Алқа жұмысына меншік нысанына қарамастан, өңірдегі медициналық ұйымдардың басшылары, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері, сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының мамандары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе — өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің 2025 жылғы жұмысының қорытындысы. Басқарма басшысы Сержан Назарбек баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың нәтижесін жан-жақты саралап, қол жеткізілген көрсеткіштер мен 2026 жылға арналған даму жоспарларын таныстырды.
Баяндамада айтылғандай, 2024 жылы облыстағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,53 жасты құрап, жоспарланған 75,7 көрсеткішіне жақындаған. Туу көрсеткіші 17,91-ге дейін төмендесе, өлім-жітім деңгейі 6,12-ні құрады. Нәресте өлімі 6,87-ге дейін азайған. Сондай-ақ, қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттану 5,6 пайызға төмендеп, одан болатын өлім көрсеткіші 123,6-ға дейін азайған. Туберкулезбен сырқаттану деңгейі 30,8-ге, ал осы дерттен болатын өлім-жітім 1,0 көрсеткішіне дейін төмендеген.
Қазіргі таңда облыста 383 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Өткен жылы медициналық ұйымдарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы құны 6,1 млрд теңгенің медициналық жабдықтары сатып алынған. Салаға 90 жас маман тартылып, 7 284 медицина қызметкері біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Кадр тапшылығы - өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Сонымен қатар цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда.
Баяндамашының айтуынша, жалпы көрсеткіштер өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінде оң өзгерістер бар екенін аңғартады. Дегенмен, кадрлық әлеуетті нығайту, материалдық-техникалық базаны күшейту және цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту бағытында әлі де жүйелі жұмыс қажет.
Отырыс барысында салалық баяндамалар тыңдалды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шиналиев өңірдегі өткен жылғы эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Кенжеханова 2025 жылы медициналық көмектің сапасына және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жүргізілген мемлекеттік бақылаудың нәтижелерін таныстырды. Ал, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі міндеттердің орындалуы туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындады.
Жиын қорытындысында Айжан Есмағамбетова өңірдегі медициналық ұйымдар басшыларына 2026 жылы медициналық көмектің сапасын арттыру және бюджет қаражатын тиімді игеру бағытында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда:
📍 профилактикалық бағдарламалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;
📍 халықты скринингтік тексерулер мен вакцинациямен қамтуды кеңейту;
📍 балалар мен жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру;
📍 денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу;
📍 облыстық перинаталдық орталық базасында оқу-тренинг орталығын құру;
📍 жас мамандарға арналған тәлімгерлік институтын дамыту;
📍 барлық деңгейдегі медицина қызметкерлерінің біліктілігін жүйелі түрде арттыру;
📍 халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған негізгі индикаторларға қол жеткізу үшін кешенді шараларды іске асыру.