Таластағы аурухана құрылысы: сапа, мерзім және заманауи жабдық мәселесі қаралды

Таластағы аурухана құрылысы: сапа, мерзім және заманауи жабдық мәселесі қаралды

Таластағы аурухана құрылысы: сапа, мерзім және заманауи жабдық мәселесі қаралды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек құрылыс басқармасының басшысы орынбасары Қайрат Аукеновпен бірге Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасына барды.

Басты мақсат – медициналық мекемеде жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысу, құрылыс сапасын бақылау және алдағы жоспарларды нақтылау болды. Сержан Назарбек нысанды аралау барысында күрделі жөндеудің кезең-кезеңімен орындалуын, құрылыс материалдарының сапасын, инженерлік жүйелердің жаңартылуын және жаңа қосымша ғимараттың (пристройка) құрылыс деңгейін жан-жақты қарап шықты.

Сапар аясында техникалық кеңестің отырысы өтті. Кеңеске денсаулық сақтау басқармасының, құрылыс басқармасының және аудандық аурухананың өкілдері, мердігер ұйымдардың басшылары, сондай-ақ ғимараттағы жалға алушылар қатысты.

Отырыста күрделі жөндеу жобасының жүзеге асырылу барысы егжей-тегжейлі талқыланып, құрылыс кестесінің сақталуы, сапа талаптарының орындалуы және қаржылық-ұйымдастырушылық мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар, жобаға өзгерістер енгізу мүмкіндіктері, ғимараттың функционалдық тиімділігін арттыру жолдары және пациенттер мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы ұсыныстар ортаға салынды.

Басқарма басшысы мекемеге жаңадан алынған заманауи маммограф аппаратымен де танысты. Аталған құрылғы сүт безі ауруларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп, әйелдер денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Бұл – медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі.

Жалпы, жүргізіліп жатқан құрылыс және жаңғырту жұмыстары медициналық қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге, заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыруға және халыққа қолайлы әрі қауіпсіз орта құруға бағытталған. Басшылық тарапынан берілген тапсырмалар мен ұсыныстар алдағы уақытта жұмыстарды одан әрі тиімді ұйымдастыруға негіз болады.