Денсаулық сақтау басқармасында азаматтарды жеке қабылдау өтті

Денсаулық сақтау басқармасында азаматтарды жеке қабылдау өтті
Денсаулық сақтау басқармасында азаматтарды жеке қабылдау өтті
Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек азаматтармен кезекті жеке қабылдау өткізді. Оған басқарма басшысының орынбасары мен тиісті бөлімдердің жетекшілері қатысып, тұрғындардың көтерген мәселелерін жан-жақты қарастырды.
Жеке қабылдау барысында түскен өтініш-шағымдардың басым бөлігі қалалық №2, №7 және №9 емханалардың қызметіне қатысты болды. Атап айтқанда, емханалардағы қызмет көрсету тәртібі, дәрігер қабылдауына жазылу, бейінді мамандарға жолдама алу, медициналық анықтамаларды рәсімдеу барысында туындайтын күнделікті өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Сонымен қатар қабылдау кезінде ата-аналар атынан «Д» диспансерлік есепте тұрған балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету, сондай-ақ мүгедектікке жолдама алу тәртібіне қатысты мәселелер де көтерілді. Қабылдауға келу мүмкіндігі болмаған бірқатар пациенттер өтініш-тілектерін онлайн платформа арқылы жолдап, қабылдауға қашықтан қатысты.
Басқарма басшысы әрбір өтініш иесін жеке тыңдап, заңнама талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны айтылды.
Қабылдау қорытындысы бойынша бірқатар мәселелер жедел шешімін тапса, кейбір өтініштер қосымша зерделеуді қажет ететіндіктен, белгіленген тәртіппен қаралатын болды. Мұндай жеке қабылдаулар халықпен кері байланысты нығайтып, медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.