№2 емханасында онкологиялық көмек көрсету жұмысына жүргізілген мониторинг

№2 емханасында онкологиялық көмек көрсету жұмысына жүргізілген мониторинг
№2 емханасында онкологиялық көмек көрсету жұмысына жүргізілген мониторинг
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес Тараз қаласындағы №2 емханасына жұмыс сапары ұйымдастырылды.
Оған орталық директоры Жандос Сейдахметов, мамандандырылған консультативтік-диагностикалық бөлімнің басшысы Кенжехан Бекқұлиев, пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметінің жетекшісі Қанат Ниязбеков, сондай-ақ медициналық статистик Эльмира Шалхарбаева қатысты.
Онда 2025 жылдың қорытындысы мен 2026 жылғы қаңтар айындағы деректер негізінде онкологиялық қызметтің жұмысына талдау жүргізілді. Атап айтқанда, 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық бағдарлама көрсеткіштерінің орындалуы, ситуациялық орталықтың қызметі, «жасыл дәліздің» жұмыс істеу тәртібі және скринингтік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.
Емханада онколог-дәрігер негізгі штат бірлігінде қызмет атқарады. Мониторинг барысында онкологиялық қырағылықтың 1, 2 және 3 деңгейлері бойынша «жасыл дәліздің» жұмысына, сондай-ақ әйелдер мен ерлерге арналған қарау кабинеттерінің қызметіне ерекше назар аударылды. Онкологиялық қырағылықты тағайындаудың негізділігі бойынша бірқатар ескертулер анықталды: жалпы тәжірибелі дәрігерлер тарапынан онко-2 деңгейін, ал онколог-дәрігер тарапынан онко-3 деңгейін негізсіз тағайындау фактілері тіркелген. Әйелдерге арналған қарау кабинетінде де онкологиялық қырағылықты дәлелсіз белгілеу жағдайлары орын алған.
2026 жылғы қаңтар айында емхана бойынша онкологиялық қырағылықтың 65 жағдайы тіркелген. Тағайындаулардың негізділік көрсеткіштері: онко-1 — 4,6 %, онко-2 — 5,6 %, онко-3 — 17,6 % болып, белгіленген нормативтермен (тиісінше 15 % және 40 %) сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл онкологиялық қырағылықтың, әсіресе жалпы тәжірибелі дәрігерлер тарапынан, негізсіз тағайындалғанын және бір пациентке қайта-қайта белгілеу деректерінің бар екенін көрсетеді. Нақты пациенттер мысалында жүргізілген тексеру нәтижесінде жалпы тәжірибелі дәрігерлер тарапынан онко-1 және онко-2 деңгейлерін негіздеуде шамамен 50 % жағдайда қателіктерге жол берілгені анықталды.
Маммографиялық кабинетте сүт безі обырын скринингтен өткізу кезінде сүт бездерін дұрыс орналастыру талаптарының сақталмауы анықталды. Осыған байланысты рентген-зертханашының біліктілігін арттыру мақсатында «Садыхан» облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталығы базасында оқытудан өткізу ұсынылды.
Сапар қорытындысы бойынша емхананың бас дәрігерінің орынбасарлары, онколог-дәрігер, профилактикалық бөлімше меңгерушісі және куратордың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Нәтижесінде анықтама рәсімделіп, онкологиялық қызмет жұмысында анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.