Медициналық нысандардың техникалық жай-күйі зерделенді

Медициналық нысандардың техникалық жай-күйі зерделенді
Медициналық нысандардың техникалық жай-күйі зерделенді
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығында болып, госпитальды фармация бөлімшесінің жұмысымен танысты.
Кездесу барысында басқарма басшысы медициналық ұйымның бас дәрігері Хамит Мурзакасымовпен бірге бөлімшенің қазіргі ахуалын жан-жақты саралап, оның қызметін жетілдіру жолдарын талқылады. Тараптар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру және фармацевтикалық қызмет сапасын арттыру бағытында нақты ұсыныстар айтты.
Сондай-ақ нысан аумағындағы істен шыққан магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараты орналасқан кабинет қаралып, құрылғының техникалық жағдайы мен оны қайта іске қосу мүмкіндіктері бағаланды. Бұдан бөлек, сәулелік диагностикаға арналған орталықтандырылған залалсыздандыру бөлімшесіндегі құрал-жабдықтардың тозуы мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Басқарма басшысы медициналық ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайту, диагностикалық әлеуетін арттыру және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту – саланың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, аурухана бас дәрігері Х.Мурзакасымовқа бөлімшеге қажетті жабдықтарға тапсырыс беру туралы мәселе көтерді.
Сондай-ақ, заманауи талаптарға сай қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қолданыстағы медициналық техникалардың жай-күйі зерделеніп, оларды тиімді пайдалану жолдары қарастырылды.
Аталған жұмыстар биылға бөлінген бюджет қаражатын мақсатты әрі ұтымды игеру аясында жүзеге асырылмақ.