Жатыр мойны обырына қарсы — бірге әрекет етейік!

Жатыр мойны обырына қарсы — бірге әрекет етейік!

Жатыр мойны обырына қарсы — бірге әрекет етейік!

Қазақстан Республикасында 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында 2026 жылғы 26–31 қаңтар аралығында жатыр мойны обыры туралы хабардарлықты арттыруға арналған айлық өтуде.

Жатыр мойны обыры заманауи диагностикалау және емдеу әдістерінің бар екеніне қарамастан, онкогинекологиядағы өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр.

Бұл — әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі, онкологиялық аурулар құрылымында бесінші орын алады. Ауру көбіне 40–60 жас аралығындағы әйелдерде анықталады. Сонымен қатар соңғы жылдары жатыр мойны обырының «жасаруы» алаңдатарлық үрдіске айналып, жас әйелдер арасындағы сырқаттанушылық жыл сайын шамамен 1%-ға артып отыр.

Статистика және ем тиімділігі

2025 жылы онкологиялық науқастардың электрондық тіркелімі бойынша диспансерлік есепте жатыр мойны обыры диагнозымен 726 әйел тіркелген, олардың 98-і алғаш рет есепке алынған. Аурушаңдық көрсеткіші 100 000 әйелге шаққанда 4,1-ді құрайды. Аурудың анықталу сатылары:
I саты — 47,5%,
II саты — 43,1%,
III саты — 6,3%,
IV саты — 3,1%.
I–II сатыларда жүргізілген емнің тиімділігі өте жоғары.

2024 жылы диспансерлік есепте жатыр мойны обыры диагнозымен 663 әйел болды, оның ішінде 95 науқас алғаш рет есепке алынған. Аурушаңдық көрсеткіші 100 000 әйелге шаққанда 4,1 деңгейінде сақталды. Аурудың сатылар бойынша бөлінісі:
I саты — 47,9%,
II саты — 39,7%,
III саты — 9,1%,
IV саты — 3,0%.
Ауру ерте кезеңде анықталған жағдайда, ем нәтижесі жоғары болады.

Жатыр мойны обыры: белгілері, алдын алу және скрининг

Жатыр мойны обырының ерте кезеңдері көбіне белгісіз өтуі мүмкін. Клиникалық белгілер жатыр мойны терең зақымдалғанда байқалады және олар контактты қан кетумен, циклге қатысы жоқ қан кетулермен, ірің тәрізді немесе сулы, жағымсыз иісті бөлінділермен, ауырсынумен, дене қызуының көтерілуімен, салмақтың төмендеуімен және көрші ағзалардың қызметінің бұзылуымен қатар жүруі ықтимал. Ауру асқынған сатыларда операция жасауға келмейді, сондықтан оны ерте анықтау шешуші маңызға ие.

Жатыр мойны обыры – алдын алуға болатын қатерлі ісіктердің қатарына жатады, себебі оған дейін ұзақ уақытқа созылатын обыр алды үдерісі болады. Дисплазияның обырға айналуы бірнеше жыл ішінде жүреді, ал обыр алды өзгерістерді дер кезінде емдеу – тиімді профилактикалық шара.

Қазақстан Республикасында жатыр мойны обырына қарсы мемлекеттік скрининг бағдарламасы енгізілген. Жатыр мойнынан алынатын жағындының цитологиялық зерттеуі 30–74 жас аралығындағы әйелдерге әр төрт жыл сайын жүргізіледі.

2025 жылы облыс бойынша скринингтен 51 476 әйел өтті, жатыр мойны обырының 15 жағдайы анықталды. Оның ішінде 10 жағдай (66,6%) I сатыда, 5 жағдай (33,3%) II сатыда диагноз қойылған.

Вакцинация және Ашық есік күні: жатыр мойны обырының алдын алудың тиімді жолдары

Жатыр мойны обырының алдын алуда маңызды бағыттардың бірі – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация. Қазақстанда, соның ішінде Жамбыл облысында, 11 жастағы қыз балаларды вакцинациялау 2024 жылдың күзінен бастап жүргізілуде. Екпеден кейінгі асқынулар тіркелген жоқ.

Дәрігер-гинекологқа тұрақты қаралу, скринингтен уақтылы өту және обыр алды ауруларды дер кезінде емдеу — жатыр мойны обырын ерте кезеңде анықтауға және толық сауығуға мүмкіндік береді.

Қосымша хабарлаймыз: 2026 жылғы 31 қаңтар күні сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында (мекенжайы: Әулие ата шағынауданы, 8-үй) Ашық есік күні өтеді.

Қабылдау және тексеру барлық азаматтар үшін тегін жүргізіледі, жеке куәлік өзімен бірге болуы қажет.