Денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды
Жамбыл облысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемованың қатысуымен денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара өңірдегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталды.
Кеңес барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мониторингтік тобы жүргізген талдау жұмыстарының алдын-ала қорытындылары айтылды. Талдау нәтижелері негізінде өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру, басқарушылық және ұйымдастырушылық үдерістерді жетілдіру мәселелері талқыланды.
Отырыста ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Самал Саурова Жамбыл облысындағы босандыру қызметін ұйымдастыруға қатысты баяндама жасап, саладағы негізгі көрсеткіштер, өзекті мәселелер және алдағы кезеңге арналған басым бағыттар бойынша ақпарат ұсынды.
Сонымен қатар, кеңеске қатысқан ҚР ДСМ Акушерлік гинекология және перинатология ғылыми орталығының басқарма төрағасы Гүлфайруз Уразбаева және ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басқарма төрағасының орынбасары Ляззат Манжуова ана мен бала денсаулығын сақтау, перинаталдық көмекті дамыту және педиатриялық қызметті жетілдіру бойынша өзекті ұсыныстарын білдірді.
Кеңес барысында Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен 2026 жылға жоспарланған негізгі міндеттер туралы баяндады. Атап айтқанда, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, кадрлық әлеуетті нығайту, профилактикалық шараларды күшейту және заманауи медициналық технологияларды енгізу бағыттарына назар аударылды.
Талқылау қорытындысы бойынша анықталған мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар айтылып, олардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті шешімдер қабылданды.
Ұсыныстар өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Аталған үйлестіру кеңесінің отырысы Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде дамытуға, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға және саланың негізгі көрсеткіштерін жақсартуға ықпал ететін маңызды алаң болды.