Жамбыл облысында денсаулық сақтау вице-министрі Ә.Ш. Рүстемова медициналық қызмет сапасын зерделеді

Жамбыл облысында денсаулық сақтау вице-министрі Ә.Ш. Рүстемова медициналық қызмет сапасын зерделеді
Жамбыл облысында денсаулық сақтау вице-министрі Ә.Ш. Рүстемова медициналық қызмет сапасын зерделеді
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар медициналық нысандарды аралады. Сапар барысында вице-министр облыстық көпбейінді ауруханасынан бастап, онкология және хирургия орталығы, "Жаншуақ" емханасы, Тараз қалалық 5-емханасы секілді медициналық мекемелерді тексеріп, олардың халыққа көрсететін медициналық қызметтерінің сапасын бағалады. Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен қызмет қолжетімділігі бойынша да зерделеу жүргізді.
Бұл сапар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы бір апта ішінде өңірде жүргізген кешенді тексеру жұмыстарының қорытындысын шығаруға арналды. Өткен аптада жұмысшы тобы Жамбыл облысының барлық емдеу мекемелерін, оның ішінде 10 аудандық медициналық ұйымды аралап, әдістемелік көмек көрсеткен болатын. Мекемелерді аралау барысында облыс әкімінің орынбасары А.С.Есмағамбетова бірге жүрді.
Вице-министр Ә.Ш. Рүстемова Жамбыл облысындағы емханалардың алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесін жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Сапар барысында ол пациенттің мекемеге кірген сәтінен бастап оған көрсетілетін қызмет сапасын бағалады. Бұл процеске ерекше көңіл бөлініп, тіркеу, дәрігерлерден кеңес алу және оларды тиісті емдеу шараларына жіберу процестерімен танысты. Вице-министр барлық емхана мен медициналық ұйымдарда пациенттерге қолайлы жағдай жасау, қызметтердің қолжетімділігін арттыру және медициналық қызметтің сапасын көтеру мақсатында нақты ұсыныс-пікірлер айтты.
Сондай-ақ, скринингтік қызметтердің сапасына да талдау жасады. Әсіресе, халық арасында аурулардың алдын алу, оларды ерте кезеңдерде анықтау және емдеу мәселелері жөнінде кеңінен ақпарат беру қажеттігі көтерілді. Скринингтік қызметтің тиімділігін арттыру үшін оның сапасын бақылау және тиісті медицина мамандарымен қамтамасыз ету - маңызды.
Бұдан бөлек, вице-министр денсаулық кабинеттерінің жұмысын да көрді. Денсаулық кабинеттерінің, әсіресе, профилактикалық қызмет көрсету, жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау және санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстарды ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды талқылады. Бұл бағытта емханалардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдануы тиіс екені айтылды.