Денсаулық сақтау вице-министрі Ә.Ш. Рүстемова Жамбыл облыстық онкология және хирургия орталығына барды
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығына барып, оның қызметімен танысып, қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз етілуін бағалады. Сапар барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек бірге болды. Орталықтың директоры Жандос Сейдахметов орталықтың жұмысын таныстырып, мекеменің жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы толыққанды ақпарат берді.
2023 жылдың тамыз айында ашылған Жамбыл облыстық онкология және хирургия орталығы 255 төсек орынға есептелген және онкологиялық аурулар мен ісікке дейінгі жағдайлар бойынша мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Орталықта рентгенологиялық, ультрадыбыстық, эндоскопиялық, радиологиялық және зертханалық кешенді диагностикалық тексерулер жүргізіледі.
2025 жылдың соңына қарай қатерлі ісік ауруларының көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 140-ты құрады, ал ерте анықтау деңгейі 29,8%-ға жетіп, қатерлі ісік ауруларының кеш кезеңдерде анықталуы 9,6%-ға төмендеді. Онкологиялық скрининг аясында сүт безі обыры, жатыр мойны обыры және колоректальды қатерлі ісік бойынша скрининг жүргізілді, оның ішінде кейбір жағдайлар жасанды интеллект технологиясы арқылы анықталды.
Тапшы мамандарды тарту мақсатында орталықта тұрғын үймен қамтамасыз ету және жалақыны арттыру сияқты қолдау шаралары қарастырылған. 2026-2027 жылдары жаңа медициналық технологияларды енгізу жоспарлануда, оның ішінде тераностика, өкпе рагының пилоттық скринингі және колоректальды қатерлі ісік үшін ферментативті тесттер. Сонымен қатар, орталыққа жылжымалы медициналық кешен, ангиограф және екінші сызықтық үдеткіш сатып алу жоспарлануда.
Сапар барысында вице-министрге орталықтың ПАКС жүйесі көрсетілді, бұл жүйе сүт безі мен өкпе обырын ерте анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллектпен жұмыс істейді (x-Eye Mammo және x-Eye Toraks), ол ісіктерді 1 мм-ден бастап анықтай алады. Сонымен қатар, радиологиялық аппараттар корпусында заманауи сәулелік терапия жүйелері ұсынылды: ELEKTA VERSA HD сызықтық үдеткіші, THERATRON EQUINOX-80 гамма-терапевтік аппараты және ТЕРАД 200 рентгенотерапевтік аппараты.
Сондай-ақ, ерте диагностикалаудың заманауи әдістері қолданылып отырғаны және медициналық қызметкерлердің кәсіби дайындығы атап өтілді. Сондай-ақ онкологиялық көмектің сапасын арттыру үшін инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығы айтылды.