Медицина саласының ақпарат айнасына айналған басылым басшысына құрмет

Медицина саласының ақпарат айнасына айналған басылым басшысына құрмет

Медицина саласының ақпарат айнасына айналған басылым басшысына құрмет

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында мазмұны терең, тағылымы мол салтанатты жиын өтті.

Шара медицина мен журналистиканы тоғыстырып, өңірлік ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар ардагердің саналы ғұмыры мен ұзақ жылғы еңбегіне құрмет көрсетуге арналды.

Салтанатты басқосуға Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, облыстық медициналық «Денсаулық әлемі – Мир здоровья» газетінің ұзақ жылдар бойы бас редакторы болған Бақыт Кеңесқызын зейнеткерлік демалысқа шығуымен құттықтады.

Басқарма басшысы өз сөзінде Бақыт Кеңесқызының өңір медицинасының дамуына және медициналық журналистиканың қалыптасуына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, оның кәсіби адалдығы мен жоғары жауапкершілігін тілге тиек етті.

— «Газет беттерінде жаңа медициналық нысандардың ашылуы, салалық реформалар, инновациялық технологиялардың енгізілуі, бірегей оталар, өз ісіне адал дәрігерлер мен сала ардагерлерінің тәжірибесі жүйелі түрде жарияланып отырды. Бұл – өңір медицинасының жылнамасын қалыптастырумен пара-пар ауқымды еңбек», – деді басқарма басшысы.

Жиын барысында сала ардагерлері мен емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері де сөз сөйлеп, Бақыт Кеңесқызының медицина мен журналистиканы қатар өрбіткен өнегелі жолы кейінгі буын үшін тағылымды мектеп екенін атап өтті. Сондай-ақ бас редактордың әрдайым салалық нақтылықты, тіл мәдениетін және медициналық этика талаптарын басты ұстаным етіп келгені ерекше айтылды.

Салтанатты жиын шынайы алғыс пен жылы лебізге толы өтті. Бұл басқосу медицина саласының ақпарат айнасына айналған басылымды басқарған тұлғаның еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болды.