Жаңа жыл түні – алдыңғы қатарда жедел жәрдем қызметі

Жаңа жыл түні – алдыңғы қатарда жедел жәрдем қызметі

Жаңа жыл түні – алдыңғы қатарда жедел жәрдем қызметі

Жаңа жыл – әрбір отбасы үшін қуаныш пен үмітке толы мереке. Алайда дәл осы сәтте Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының қызметкерлері үшін бұл түн ерекше жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап ететін жұмыс кезеңі болды. Мерекеге қарамастан, жедел жәрдем қызметі облыс тұрғындарына тәулік бойы үздіксіз және сапалы медициналық көмек көрсетуді тоқтатпады.

31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні жедел жәрдем бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Кезекшілікте тұрған диспетчерлер келіп түскен қоңырауларды жедел қабылдап, әрбір шақыртудың шұғылдығы мен науқастың жағдайына қарай бригадаларды нақты әрі тиімді бағыттады. Ал фельдшерлер мен жүргізушілер уақытпен санаспай, жоғары жауапкершілік пен кәсіби шеберлік таныта отырып, әрбір шақыртуға дер кезінде жетіп, қажетті медициналық көмекті көрсетті.

Мереке күндері жедел жәрдемге түскен шақыртулар саны айтарлықтай артты. Атап айтқанда, тәулігіне 1600–1800 шақырту тіркеліп, бұл әдеттегі күндермен салыстырғанда 25–30 пайызға жоғары болды. Осыған байланысты облыс көлемінде тәулігіне 101 жедел жәрдем бригадасы қызмет атқарып, мереке күндері қосымша 8 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Бұл шаралар тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жаңа жыл түні тек тұрмыстық сипаттағы емес, өмірге қауіп төндіретін күрделі жағдайлар да орын алды. Солардың бірі — Тараз қаласының Қарасу шағынауданында тұрғын үйдің шатырында шыққан өрт оқиғасы. Аталған жағдайда орталық станцияның фельдшері Ерсеитов Ернар жедел түрде оқиға орнына жетіп, өрт сөндіру қызметімен бірлесе отырып кезекшілік атқарды. Медициналық қызметкерлер тұрғындардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге толық дайын болды.

Осындай үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде азаматтардың денсаулығы мен өміріне төнген қауіптің алдын алуға мүмкіндік туды.
Жаңа жыл түні жедел жәрдем қызметінің жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, бригадалардың үйлесімді әрі үздіксіз қызмет атқаруын қамтамасыз еткен ауысымның аға дәрігері — Куандыков Азамат Ерболатович. Оның кәсіби басқаруының арқасында барлық шақыртулар уақытылы орындалып, медициналық көмек көрсетуде іркілістерге жол берілген жоқ.

Жамбыл облыстық жедел жәрдем стансасының ұжымы — өз ісіне адал, жоғары кәсіби деңгейдегі, адам өмірін бәрінен биік қоятын мамандар. Олар үшін мереке де, демалыс та екінші орында. Ең бастысы — әрбір науқасқа дер кезінде көмек көрсету, қиын сәтте қол ұшын созу және адам өмірін сақтау. Жаңа жыл түні де жедел жәрдем қызметкерлері осы жауапты міндетті абыроймен атқарып, халықтың алғысына бөленді.