
Денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жаңғыру: жаңа жабдықтар – ана мен бала өмірін қорғауға бағытталған
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қалалық перинаталдық орталығына арнайы барып, ағымдағы жөндеуден өткен мекеменің жай-күйін және жаңадан алынған медициналық құрал-жабдықтардың қолданысқа енгізілу барысын көрді.
Өткен жылы орталыққа жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге бөлінген. Осыған орай, мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық жабдықтар толық жаңартылып, орталық заманауи жоғары технологиялық аппараттармен қамтамасыз етілді.
Жаңартылған медициналық құрал-жабдықтар жүктілікті қауіпсіз жүргізуге, ұрықтың жағдайын дәл әрі үздіксіз бақылауға, асқынуларды ерте анықтауға және босану процесінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, перинаталдық көмектің ажырамас бөлігі саналатын неонаталдық және реанимациялық көмек те жаңа деңгейге көтерілген. Шала туған, жағдайы әлсіз нәрестелерді күтіп баптауға арналған неонаталдық кювез аппаратының алынғаны да – осының дәлелі. Осының арқасында ауыр жағдайда дүниеге келген және қарқынды терапияны қажет ететін жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндіктері едәуір кеңейді.
2025 жылы орталыққа өкпені жасанды желдету аппараттары, CPAP және СИПАП жүйелері, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар, фетальды мониторлар, фототерапия аппараттары, ультрадыбыстық диагностикалық жүйелер, пациент мониторлары, инфузиялық насостар, дефибриллятор-мониторлар, аудиологиялық және электроэнцефалографиялық құрылғылар, сондай-ақ гинекологиялық креслолар мен стерилизациялық жабдықтар сатып алынды. Бұл құралдар «ана – ұрық – жаңа туған нәресте» қағидатына негізделген үздіксіз медициналық көмекті қамтамасыз етуге бағытталған.
Басқарма басшысы орталықтың бас дәрігері Гүләйім Манибаеваға ана мен бала денсаулығын қорғау мен нығайтуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде күшейтуді тапсырды. Әсіресе өмірге жаңа келген нәрестелерге көрсетілетін күтім мен медициналық бақылаудың сапасына айрықша мән беріп, әрбір сәби тағдыры дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, мекемеге жаңадан алынған заманауи медициналық құрал-жабдықтарды тиімді әрі мақсатты пайдалану арқылы көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін баса айтты.