Жамбыл облысында колоректалды обырды ерте анықтауға арналған пилоттық жоба жүзеге асырылуда

Жамбыл облысында колоректалды обырды ерте анықтауға арналған пилоттық жоба жүзеге асырылуда

Жамбыл облысында колоректалды обырды ерте анықтауға арналған пилоттық жоба жүзеге асырылуда

Жамбыл облысында онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Осыған орай облыстық онкология және хирургия орталығында онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулердің барысы талқыланған жиын өтті. Жиынға Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысты.

Жиын барысында өңірде жүргізіліп жатқан скрининг нәтижелері мен алдағы жоспарлар айтылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 63 мың адам скринингтен өтіп, олардың 14-інен қатерлі ісік анықталған.

Мамандардың мәліметінше, Жамбыл облысында тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігі — колоректалды обыр жыл сайын 80–90 адамнан тіркеледі. Осыған байланысты аталмыш ауруды ерте кезеңде анықтаудың маңыздылығы ерекше.

Осы мақсатта «Тоқ ішек пен тік ішек обырын ерте анықтауға арналған скринингті енгізу жөніндегі пилоттық жоба” қолға алынған. Жоба аясында ішек пен тік ішектің қатерлі ісігін анықтауға арналған ферменттік гемокулттест қолданылуда. Аталған тесттің сезімталдығы шамамен 80 пайызды құрайды және ол полиптер мен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін қолданылған тесттер сезімталдығы төмен болғандықтан, кей жағдайларда жалған нәтижелер көрсеткен.

Айта кету керек, бұл пилоттық жоба Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысында енгізіліп отыр. Әлемдік тәжірибеде мұндай скрининг түрі өзінің тиімділігін дәлелдеген.

Қазіргі таңда жоба аясында 200 адам скринингтік тексеруден өткен. Алдағы уақытта тағы 200 тұрғынды ферменттік гемокулттест арқылы тексеру жоспарлануда.

Жиын қорытындысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек облыстық онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Жандос Сейдахметовке жобаны сапалы жүзеге асыру, скринингтік тексерулерді жетілдіру және халықты қамту деңгейін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Аталған пилоттық жоба өңірде колоректалды обырды ерте анықтау көрсеткішін арттырып, тұрғындар арасында онкологиялық аурулардың алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған маңызды бастама болып отыр.