Бес жылда мыңдаған мүгедек балаға үміт сыйлаған орталық

Бес жылда мыңдаған мүгедек балаға үміт сыйлаған орталық
Бес жылда мыңдаған мүгедек балаға үміт сыйлаған орталық
Бүгін Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы базасындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының 5 жыл толуына арналған іс-шара өтті.
Оған Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, орталық ұжымы мен ата-аналарды құттықтады. Ол өз сөзінде өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы әрі кешенді оңалту қызметін көрсетіп отырған орталықтың маңыздылығын атап өтті:
“Бүгінде орталығымыздың жұмысы «Қазақстан халқы» қоғамдық қорының қолдауымен жалғасып, өңірдегі инклюзивті қоғамды дамытуға нақты үлес қосып келеді.
«Қамқорлық» қорының негізгі бағыты – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қалыптастыру, тең мүмкіндік беру, өмір сапасын арттыру.
Бес жыл ішінде «Қамқорлық» орталығында 9 474 бала оңалту емінен өткен. Олардың 400-і сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, әлеуметтік ортаға бейімделудің маңызды кезеңінен сүрінбей өтті. Бұл көрсеткіштер мекеменің жүйелі жұмысы мен нақты нәтижесін айқындайды.
Бүгінгі мерейтой – өткенге есеп беру ғана емес, алдағы жауапкершілігімізді айқындайтын күн. Біз бір баланың жетістігін мың жетістіктен жоғары қоямыз. Себебі әр баланың мүмкіндігі – еліміздің ертеңі”,- деді ол.
Орталықта 5 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар тұрғылықты жері бойынша емханалардың жолдамасы негізінде қабылданады. Қазіргі уақытта мұнда 62 бала жоспарлы оңалту шараларымен қабылдауда.
Балаларға медициналық және педагогикалық көмектің барлық түрі кешенді түрде көрсетіледі. Атап айтқанда, дәрігерлік оңалту, емдік дене шынықтыру, физиотерапия, логопедиялық және дефектологиялық қолдау, сондай-ақ эрготерапия қызметтері бір бағдарлама аясында жүзеге асырылып, әр балаға жеке оңалту жоспары әзірленеді.
Жамбыл облысында үш жасқа дейінгі балалар саны - 96 953 адам. Оның ішінде орталық жүйке жүйесі ауруларына байланысты мүгедектік есепте тұрған балалар мен үш жасқа дейінгі церебральді параличпен диспансерлік есепте тұрған нәрестелер бар. Бұл жағдай жүйелі профилактика мен ерте медициналық-психологиялық көмекті қажет етеді. Өмірдің алғашқы жылдарында мидың икемділігі жоғары болғандықтан, уақытылы көрсетілген оңалту нәтижесі тиімді болады.
Орталықта өткен көңілді іс-шара аясында ем алып жатқан балалардың бірқатары алғашқы қадамдарын жасап, олардың жаңа өмірге тұсаулары кесілді.