
Облыстық онкоорталықта 2025 жылдың 11 айындағы онкологиялық қызметтің қорытындылары талқыланды
Бүгін Жамбыл облысының көпбейінді онкология және хирургия орталығында 2023–2027 жылдарға арналған Кешенді индикаторлық жоспардың орындалу қорытындыларын шығару, сондай-ақ Жамбыл облысының онкологиялық қызметінің 2025 жылдың 11 айындағы нәтижелерін талдау жөнінде кеңес өтті. Кеңес жұмысына өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсететін ұйымдардың бас дәрігерлері қатысты.
Кеңесті Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек жүргізді.
Жамбыл облысындағы онкологиялық көмек көрсетудің 11 айдағы қорытындылары туралы баяндамамен орталық директоры Жандос Сейдахметов сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол өңірде онкологиялық қызметті дамытуға арналған Кешенді жоспар жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.
Жоспардың басты мақсаты – онкологиялық ауруларды ерте анықтау, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және емнің сапасын жақсарту.
Кеңестің қорытындысы бойынша басқарма басшысы Сержан Назарбек 2026 жылға арналған жұмыс жоспарымен және іс-шараларымен Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, онкологиялық скринингтерді ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін жан-жақты қарастыру, халықты қамтуды арттыру, қатерлі ісіктерді ерте анықтау және онкологиялық көмектің тиімділігін жақсарту міндеттелді.