
Тәуелсіздік жылдарындағы табысты бағыт: Жамбыл облысында денсаулық сақтау жүйесінің дамуы
Қазақстан Тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласы тұрақты дамудың даңғыл жолына түсті. Соңғы онжылдықтарда бұл сала жаңа қарқын алып, өңірдің медициналық инфрақұрылымы айтарлықтай нығайды.
Тәуелсіздік жылдары атқарылған жүйелі жұмыстар халық денсаулығын қорғауды мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналдырғанын айқын көрсетеді.
Осы кезең ішінде облыста 305 жаңа медициналық нысан бой көтерді. Атап айтқанда, 10 аурухана, 13 емхана, 70 дәрігерлік амбулатория, 75 фельдшерлік-акушерлік пункт, 136 медициналық пункт және облыстық қан орталығының ғимараты пайдалануға берілді. Бұл нысандар әсіресе ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың сапалы қызмет алуына жол ашты.
Бүгінде Жамбыл облысында 383 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 27 аурухана, 139 амбулаториялық-емханалық ұйым және 217 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме бар. Мұндай ауқымды инфрақұрылым өңір халқын, қала мен ауылды толық қамтып отырған тиімді медициналық жүйенің қалыптасқанын аңғартады.
Тәуелсіздік жетістіктері соңғы жылдардағы нақты істермен де айқындалып келеді. 2024 жылы облыста 26 медициналық нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, бұл мақсатқа 7,4 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 22 нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында 20 жаңа медициналық нысан – 3 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт ел игілігіне тапсырылды. Қалған төрт нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі болып белгіленді. Сонымен қатар бір медициналық мекемеге 775 млн теңге көлемінде күрделі жөндеу жүргізілді.
Жалпы алғанда, Тәуелсіздік жылдары Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласында қол жеткізілген бұл жетістіктер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткішіне айналып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға берік негіз қалап отыр.