Жамбылдық хирургтар ұлттық орталық тәжірибесін меңгеруде

Жамбылдық хирургтар ұлттық орталық тәжірибесін меңгеруде

Жамбылдық хирургтар ұлттық орталық тәжірибесін меңгеруде

«А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов жамбылдық хирургтарға арналған шеберлік сабағын өткізді.

Іс-шараға Жамбыл облыстық көпбейінді және Тараз қалалық көпбейінді ауруханаларының мамандары қатысып, аса күрделі және жоғары технологиялық операцияларды өз көздерімен бақылап, тәжірибеге араласты.

Хирургтарға гастропанкреатодуоденальды резекция мен гастрэктомия сияқты сирек кездесетін, күрделі ота түрлері толық көрсетілді.

Профессордың айтуынша, әр операцияның маңызды кезеңдері, техниканың нәзіктіктері, заманауи әдістемелер және пациент қауіпсіздігін арттыру жолдары ерекше назарға алынуы тиіс. Сондай-ақ ол пациентті алдын ала дайындау, отадан кейін қалпына келтіру шаралары және мультидисциплинарлық топпен жұмыс істеудің практикалық қырларын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Бұл тәжірибе жамбылдық мамандарға озық технологияларды меңгеруге, кәсіби шеберліктерін жетілдіруге және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік береді. Сонымен бірге, олар операциялық тәжірибені клиникалық протоколдар мен заманауи стандарттарға сәйкес жетілдіру жолдарын көріп, болашақта өз өңірінде қолдануға маңызды идеялар алды.

Шеберлік сабағы өңірде заманауи хирургиялық көмек көрсетуді жетілдіру, күрделі ота жасау тәжірибесін кеңейту және тұрғындарға жоғары мамандандырылған қызмет көрсету сапасын арттыру жолындағы маңызды қадамға айналды.