“Ішек қабыну ауруларын диагностикалау мен емдеудегі заманауи тәсілдер” тақырыбында өңірлік конференция өтті
Жамбыл облыстық көпбейінді орталық ауруханасында ішек қабыну ауруларының алдын алу, ерте диагностикалау және тиімді емдеу тәсілдерін талқылауға арналған өңірлік конференция болды. Шараға Қызылорда, Түркістан облыстарының жетекші гастроэнтерологтары, облыстың хирургтары, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, сондай-ақ медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.
Конференция барысында соңғы жылдары аймақта Крон ауруы сияқты созылмалы қабынбалы ішек ауруларының жиілеп бара жатқаны атап өтілді. Бүгінде облыста Крон ауруымен 42 адам есепте тұр, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 28 пациентті құраған.
Мамандар мұндай өсім халықтың ауру туралы хабардарлығының артуымен, диагностикалық мүмкіндіктердің жақсаруымен, сондай-ақ ішек қабыну ауруларының нақты таралуының ұлғаюымен байланысты екенін атап өтті.
Крон ауруы — ас қорыту жүйесінің созылмалы қабынбалы ауруы, көбінесе аш немесе тоқ ішектің зақымдануымен байқалады. Аурудың нақты себебі әлі анықталмағанымен, оның дамуына иммундық жүйе бұзылыстары, тұқым қуалаушылық және сыртқы орта факторлары әсер ететіні белгілі. Өршу және бәсеңдеу кезеңдерімен өтетін бұл дерттің негізгі белгілеріне іштің ауыруы, іштің өтуі, салмақтың төмендеуі, әлсіздік және қаназдық жатады.
Конференцияда ішек қабыну ауруларын диагностикалаудағы заманауи эндоскопиялық әдістер, биомаркерлердің рөлі, күрделі жағдайларды емдеуде биологиялық терапияны қолдану, халықаралық клиникалық хаттамаларды енгізу секілді маңызды мәселелер талқыланды.
Мамандар тәжірибе алмасып, өңірде гастроэнтерологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.
Шара аясында Жамбыл облысында жаңадан ашылған Ішек қабыну аурулары орталығының жұмысы таныстырылып, оның аймақ тұрғындарына жоғары технологиялық әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге зор үлес қосатыны атап өтілді.
Бұл конференция өңірде созылмалы ішек ауруларымен күрестің жаңа кезеңін бастап, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған маңызды алаңға айналды.