Жамбылда күрделі ЛОР ота сәтті өтті: пациент табиғи тамақтану мүмкіндігіне қайта ие болды

Жамбылда күрделі ЛОР ота сәтті өтті: пациент табиғи тамақтану мүмкіндігіне қайта ие болды
Жамбылда күрделі ЛОР ота сәтті өтті: пациент табиғи тамақтану мүмкіндігіне қайта ие болды
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығына Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының бас-мойын ісіктері және ЛОР-қызметін дамыту секторының жетекшісі, белгілі оториноларинголог, профессор Болат Жарылқасынұлы жұмыс сапарымен келді.
Ол өңір тұрғындарына консультациялық көмек көрсетіп, түрлі ЛОР-аурулары бар бірқатар пациентті, оның ішінде ең күрделі клиникалық жағдайларды қарады.
Сарапшы қабылдаған пациенттердің арасында көмей обырына байланысты ұзақ уақыт бойы бақылауда тұрған пациент Б. да бар. Емдеу барысында науқаста көмей-жұтқыншақ фистуласы (көмей мен жұтқыншақтың арасындағы патологиялық тесік) қалыптасып, ол біраз уақыт өздігінен тамақтана алмай, тек арнайы түтік арқылы тамақтануға мәжбүр болған.
Профессордың кешенді кеңесінен кейін орталықтың хирургтарымен бірлескен консилиум ұйымдастырылды. Оның қорытындысымен науқасқа жергілікті тіндер арқылы жұтқыншақты қайта қалыптастыру және трахеостоманы реконструкциялау отасы жасалды. Аталған операция — жоғары дәлдікті, тәжірибені және командалық жұмысты талап ететін күрделі хирургиялық араласу. Ота сәтті өтті. Қазір пациент табиғи жолмен тамақтану мүмкіндігіне қайта ие болды.
Жамбылдық дәрігерлер профессор Болат Жарылқасынұлына көрсеткен кәсіби қолдауы, тәжірибе алмасуға қосқан үлесі және өңірдегі ЛОР-хирургия саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді.