Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Денсаулық сақтауда менеджмент: көшбасшылық және басқарудың тиімділігі» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара денсаулық сақтау жүйесінде басқарудың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналды. Сондай-ақ жаңа білім беру жобасы – АБМ (Атқарушы Бизнес-Магистрі) бағдарламасы «Денсаулық сақтауда менеджмент» таныстырылды. Бағдарлама басқарушылық қызметтегі мамандарға арналған және стратегиялық шешім қабылдау мен инновацияларды енгізу қабілетін дамытуға бағытталған. Кездесуді университет ректоры Махметғали Сарыбеков жүргізді. Ол өңір медицинасына басқарушылық қабілеттерді дамыту маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына медициналық ұйымдардың басшылары, денсаулық сақтау мекемесінің өкілдері, халықаралық сарапшылар және университет профессорлары қатысты.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев қатысушыларды құттықтап, саланы кең ауқымды реформалар жағдайында заманауи басқару тәсілдерін енгізудің өзектілігін атап өтті. Ол басқарушылық тізбекті нығайту, цифрлық сауаттылықты арттыру, жобалық менеджментті енгізу және кадр тапшылығын шешу қажеттігін айтты.
Іс-шара барысында академиялық жұмыс жөніндегі проректор Ақмарал Қадырова 7M04109 коды бойынша АБМ бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама медициналық ұйымдарда стратегиялық шешім қабылдай білетін және инновацияларды енгізе алатын кәсіби басқарушыларды даярлауға бағытталған.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын халықаралық серіктестердің баяндамалары тудырды. Өзбекстан, Ташкенттегі Kimyo University Hospital директоры Рустам Рашидов медициналық мекемеде заманауи басқару тәсілдерін енгізу тәжірибесімен бөлісті. Халықаралық ынтымақтастық перспективалары туралы профессор Марат Баяндин және Швейцария, Женевадағы SITE (Institute of Technology and Entrepreneurship)бизнес-даму директоры Айнура Мұқанова айтты. Сондай-ақ онлайн режимде SITE бизнес-мектебінің директоры және «ESEMED Healthcare» компаниясының бас директоры Даниэль Мартинес Канка сөз сөйледі.
Жамбыл облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров медициналық ұйымдарды басқаруда жобалық менеджментті қолдану жөнінде практикалық баяндамасымен бөлісті. AlmaU кәсіпкерлік институтының директоры Данияр Медетов бизнес-білімдегі трендтер мен MedTech саласын дамыту туралы әңгімеледі.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсынылған материалдар талқыланып, тәжірибе алмасу жүзеге асты. Бұл денсаулық сақтау менеджменті саласында кәсіби диалогты нығайтуға маңызды қадам болды.
Іс-шара барысында Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат білім беру іс-шараларын ұйымдастыру, мамандардың құқықтық, қаржылық және әкімшілік сауаттылығын дамыту, кәсіби бағдарлау жұмыстарында қатысу, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Сонымен қатар университет Өзбекстанның Халықаралық Ташкент «Кимё» университеті және Швейцариядағы SITE институтымен ынтымақтастық меморандумдарын жасасты. Бұл халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
АБМ бағдарламасы «Денсаулық сақтауда менеджменттің» іске қосылуы өңірлік медицина саласы үшін басқарушылық кадрларды даярлауда маңызды кезеңге айналып, жүйелі оқытуды қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау әлеуетін нығайтуға жол ашты.