
Басқарма басшысы балалар ауруханасындағы түнгі кезекшілік барысына бақылау жасады
Бүгін Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Жамбыл облыстық балалар ауруханасына түнгі уақытта барып, кезекшілік жұмысының ұйымдастырылуын және бөлімдердің қызмет көрсету сапасын тексерді. Ол қабылдау бөліміндегі жағдаймен танысып, стационарда ем алып жатқан балалардың халін көрді, сондай-ақ кезекші дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің жұмысына зерделеу жасады.
Басқарма басшысы бас дәрігер Мәулім Қазиұлына медициналық көмектің сапасын арттыру, бөлімдер арасындағы жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру және пациенттерге көрсетілетін қызметті жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Аурухананың соматикалық блогы 250 төсек-орынға есептелген. Тәулігіне 350–365 бала медициналық көмекке жүгінеді, оның 60–90-ы стационарға жатқызуды қажет етеді. Тұмау және маусымдық инфекциялар бойынша науқастарды қабылдауға 215 төсек бөлінген. Қазіргі таңда ауруханада барлығы 241 бала ем алуда.
Жұқпалы аурулар бөлімі бастапқыда 127 төсекке арналған болса, маусымдық жүктеменің артуына байланысты жақында қосымша 88 төсек ашылып, бөлімшенің қуаттылығы айтарлықтай күшейтілген.
Емдеуге жатқызуды қажет етпейтін пациенттерге амбулаторлық ем тағайындалып, әрі қарай тұрғылықты мекенжайы бойынша бақылауға жіберілуде.
Сержан Назарбек ата-аналарға балаларының денсаулығына ерекше назар аударып, маусымдық инфекциялардың алдын алу шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Әсіресе маска тағу, жеке гигиенаны сақтау, балаларды тұмаудан қорғау және ауру белгілері байқалғанда уақытылы дәрігерге жүгіну маңызды екенін айтты.