Жамбылдық дәрігерлер педиатриялық қызмет сапасын арттыруға арналған мәселелерді талқылады

Жамбылдық дәрігерлер педиатриялық қызмет сапасын арттыруға арналған мәселелерді талқылады
Жамбылдық дәрігерлер педиатриялық қызмет сапасын арттыруға арналған мәселелерді талқылады
Жамбыл облысында ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесіне бағытталған кезекті “Педиатриялық сағат” өтті.
Басқосу облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаевтың жетекшілігімен өтіп, оған өңірдің білікті медицина мамандары мен педиатриялық қызметті үйлестірушілер, сондай-ақ аймақтық дәрігерлер қатысты.
Ондағы басты мақсат – өңірдегі нәресте өлімінің алдын алу, үй жағдайында тіркелетін оқиғалардың себептерін талдау және балаларға паллиативті көмек көрсету ісін жүйелеу болды.
Жиында мамандар 2025 жылдың 9 айының нәтижелерін саралап, көрсеткіштерге әсер ететін негізгі факторларды жан-жақты талқылады.
Мамандардың пікірінше, нәресте өлімінің азаюы тек медициналық қызметтің сапасына ғана емес, ата-аналардың ақпараттылығы мен бастапқы медициналық-санитариялық көмектің тиімділігіне де тікелей байланысты.
– Ана мен бала денсаулығы – қоғам дамуының айнасы. Бұл бағытта әрбір медицина қызметкерінің жауапкершілігі жоғары. Сондықтан өңірде көрсетілетін педиатриялық көмектің сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі, – деп атап өтілді жиында.
Кездесу барысында паллиативті көмек қызметін жетілдіру, ауыр дертке шалдыққан балалардың өмір сапасын жақсарту және медициналық қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Сонымен қатар алдағы тоқсанда іске асырылатын кешенді шаралардың нақты жоспары бекітілді.