Жамбыл облысында туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы талқыланды

Жамбыл облысында туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы талқыланды
Жамбыл облысында туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы талқыланды
Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбайдың төрағалығымен «2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысындағы туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы және асқынған туберкулез жағдайларының талдауы» тақырыбында жоспарлы медициналық кеңес өтті.
Жиынға Жамбыл облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының мамандары, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері, емдеу ісі жөніндегі бас дәрігерлердің орынбасарлары, туберкулез мәселелері бойынша үйлестірушілер, терапевтік және педиатриялық бөлім меңгерушілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы қосылған фтизиатрлар мен фтизиопедиатрлар қатысты.
Кеңес барысында өңірдің жетекші мамандарының баяндамалары тыңдалды. Облыстық фтизиопульмонология орталығының ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Гүлзия Жолдасова 2025 жылдың 10 айындағы туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайға талдау ұсынды.
Есепті кезеңде облыста туберкулезбен сырқаттанушылық 8 %-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 25,4 жағдайды құрады. Дегенмен, кейбір аудандарда көрсеткіштердің өсуі байқалған. Бір асқынған туберкулез жағдайы тіркелді. Ал өлім-жітім деңгейі 12,5 %-ға , аурудың таралу көрсеткіші 8,9 %-ға төмендеген.
№2 қалалық емханасының ана мен баланы қорғау ісі жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Әсел Шорманова 2025 жылғы қазан айында тіркелген асқынған туберкулез жағдайының талдауын ұсынды. Бұл мәселе төңірегіндегі талқылауға облыстың штаттан тыс фтизиопедиатры Ақтолқын Бекбенбетова белсенді қатысып, балалар арасында асқынған туберкулезді анықтаудағы кемшіліктерге тоқталды.
Тараз қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Гүлзира Есейтова асқынған туберкулез ошағында жүргізілген шаралар мен байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстары жөнінде баяндады.
Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Латифа Мамытова балалар арасындағы туберкулезбен сырқаттанушылықтың өсу себептерін атап өтіп, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Кеңес барысында өзекті мәселелер қаралып, туберкулезге қарсы күрестегі өзара іс-қимылды күшейту жөнінде ұсыныстар мен нақты тапсырмалар берілді.
Сырқаттанушылықтың төмендеуіне қарамастан, аурудың кеш анықталу жағдайлары әлі де тіркеліп отыр. Бұл профилактикалық жұмысты одан әрі жандандыру қажеттігін көрсетеді.
Жиын қорытындысында облыстағы эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға және туберкулезбен сырқаттанушылықты одан әрі азайтуға бағытталған басым шаралар айқындалып, тиісті тапсырмалар берілді.