Жамбыл облысының медицина басшылары Алматыдағы №17 қалалық емханада болды: қатерлі ісікті ерте анықтау тәжірибесімен алмасу
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек бастаған өңірлік делегация Алматы қаласындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде онкологиялық қызметтің ұйымдастырылу тәжірибесімен танысты.
Делегация құрамында Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Жандос Сейдахметов, «JANUIA medical center» клиникасының бас дәрігері Бота Узденбаева, №7 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Шатаева және Қордай орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбеков болды.
Сапар барысында делегация мүшелері онкологиялық көмекті алғашқы буында ұйымдастыру ісіне ерекше назар аударды.
Түстен кейінгі бөлімде медицина басшылары Алматы қалалық №17 емханасында болып, онкопатологияға күдікті науқастарға арналған «жасыл дәліз» тетігінің жұмысымен, скринингтік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен және пациенттерді бағыттау жүйесімен танысты.
Емхана басшылығымен және медициналық қызметкерлерімен өткен кездесу барысында қатерлі ісікті ерте анықтау, медициналық көмек көрсетудің әр деңгейіндегі өзара іс-қимыл, сондай-ақ халық үшін скринингтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу өтті.
Іссапар қорытындысында Алматы мен Жамбыл облысының медициналық ұйымдары арасында онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, скринингтік бағдарламаларды жетілдіру және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.