ҚАН АЙНАЛЫМЫ ЖҮЙЕСІ АУРУЛАРЫ МЕН ИНСУЛЬТ БОЙЫНША МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен қан айналымы жүйесі аурулары (ҚЖА) және инсульт кезіндегі медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелеріне арналған үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара барысында 2025 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындылары қаралып, медициналық көмекті жетілдірудің өзекті бағыттары талқыланды.
Кеңеске облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері және сала мамандары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша сөз алған Рауза Мақсұтқызы Жұбандықова – Жамбыл облыстық көп бейінді ауруханасының кардиология бөлімінің меңгерушісі, облыстың бас штаттан тыс кардиологы – қан айналымы жүйесі аурулары бойынша медициналық көмекті ұйымдастырудың 2025 жылдың 9 айындағы қорытындыларын баяндады. Ол өз сөзінде өңірде жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алу, ерте диагностика жасау және тұрғындарға сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аталмыш тақырып аясында көрсеткіштері төмен болып отырған «Almaz Medical Group» ЖШС, «ARAI» медициналық орталығы» ЖШС, «Мейірім» және «Садыхан» медициналық орталықтарының, сондай-ақ облыстық фтизиопульмонология орталығы мен Байзақ аудандық орталық ауруханасының өкілдері де сөз алып, өз мекемелеріндегі жағдай мен көрсеткіштерді жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
«Инсульт кезіндегі медициналық көмекті ұйымдастыру қорытындылары» тақырыбы бойынша Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының емдеу бөлімінің басшысы Аида Талғатқызы баяндама жасап, өңірдегі медициналық көмек көрсету сапасы, науқастарды ерте анықтау және шұғыл емдеу алгоритмдерін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындыларын ұсынды.
Кеңес соңында басқарма басшысы өңірде қан айналымы жүйесі аурулары мен инсультпен күрес жұмыстарын үйлестіру мақсатында арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Жұмыс тобының басты міндеті – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ ерте диагностика мен емдеу тәсілдерін жүйелеу болып табылады. Сонымен қатар, басқарма басшысы анализ жасап, оның қорытындысын 10 қарашаға дейін ұсынуды тапсырды.