Сүт безі обырының алдын алу мен оны ерте анықтау

Сүт безі обырының алдын алу мен оны ерте анықтау
Сүт безі обырының алдын алу мен оны ерте анықтау
Қазан айы бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да, әйелдер денсаулығын қорғауға және Сүт безі обыры туралы дүниежүзілік хабардарлық күніне орай өткізілетін айлыққа арналған.
Ондағы мақсат – халықтың сүт безі обырының алдын алу және оны ерте анықтау шаралары туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ әйелдердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын және онкологиялық қырағылықты қалыптастыру.
Сүт безі обыры әйелдер арасындағы ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі болып қала береді және онкологиялық сырқаттар құрылымында бірінші орынды алады.
Жыл сайын елімізде сүт безі обырының 5 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталады. Бұл дерттің таралуы өңірлерде де өзекті мәселе болып отыр. Мәселен, Жамбыл облысында жыл сайын шамамен 200-ге жуық әйел осы диагнозбен диспансерлік есепке алынады. 2021 жылы 170 жаңа жағдай тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 206-ға дейін өскен.
Өкінішке қарай, жыл сайын 55–60 әйел сүт безі обырының салдарынан өмірден өтеді. Олар – біреудің аяулы анасы, сүйікті жары, әпкесі.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысында сүт безі обыры диагнозымен 2007 әйел есепте тұр, оның ішінде алғаш рет есепке алынғандар саны – 173. Ауруды ерте сатысында анықтаған жағдайда ем нәтижелілігі 80–90 пайызға жетеді.
Ағымдағы жылдың алғашқы 9 айында сүт безі обырын ерте анықтау мақсатында 40 074 әйел тексеруден өтті, бұл жалпы әйелдердің 82,2 пайызын қамтығанын көрсетеді. Нәтижесінде 45 жаңа жағдай тіркелді, олардың 21-і аурудың ең бастапқы сатысында анықталған. Сонымен қатар, 8380 әйелде сүт безінің әртүрлі патологиялары анықталды, бұл тексерілгендердің 20,9 пайызын құрайды. Көп жағдайда бұл – қатерсіз ісіктер және фиброзды-кистозды мастопатия, яғни уақытылы бақылау мен емдеуді қажет ететін жағдайлар.
«Қызғылт қазан» акциясы қоғамның назарын сүт безі обыры мәселесіне аударып, профилактика мен ерте диагностиканың маңыздылығын еске салуға бағытталды.
Қазіргі медицина бұл дертті емдеудің тиімді әдістеріне ие және сүт безі обырынан толық айыққан әйелдердің мысалдары көп.
Алайда табысты емдеудің басты шарты – уақытылы скринингтік тексеруден өту. Дәл осы тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтап, тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда 2009 жылдан бастап 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерге екі жылда бір рет скринингтік маммография жүргізіледі.
2025 жылдан бастап жас шегі 76 жасқа дейін кеңейтіледі, бұл көбірек әйелдерді қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, енді скринингтік тексерулер әйелдердің сақтандыру мәртебесіне қарамастан – сақтандырылған және сақтандырылмағандардың барлығына қолжетімді болады.
Құрметті әйелдер қауымы!
Скринингтік тексеруден уақтылы өтіп тұрыңыздар — бұл қарапайым, бірақ өміріңізді сақтап қалуы мүмкін маңызды қадам.
Өз денсаулығыңызға қамқорлық жасау — өзіңізге және жақындарыңызға деген сүйіспеншіліктің айғағы.