Таразда «Қызғылт қазан» атты кең ауқымды қайырымдылық акциясы өтті
Сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыру айлығы аясында Тараз қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Қызғылт қазан» атты кең көлемді қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Акцияның басты мақсаты – халық арасында сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу мен оны ерте кезеңде анықтаудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ онкологиялық дертке тап болған әйелдерге рухани қолдау көрсету.
Оған мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, медицина саласының мамандары, қоғамдық ұйымдар, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.
Қатысушыларға жылы лебізін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, «ҚазОжРҒЗИ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Айша Молдашева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, Паралимпиада ойындарының жүзуден чемпионы Зүлфия Ғабидуллина және онкологиялық науқастарды қолдау қоры «Амазонка» қорының директоры Анжелика Сарьян білдірді.
Ресми бөлімнен кейін қатысушылар символдық жүгіру жарысына қатысып, аспанға қызғылт түсті шарлар ұшырды. Бұл – обыр дертімен күресіп жүрген әйелдерге үміт пен қолдаудың белгісі.
Марафон қорытындысы бойынша жеңімпаздарға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Акция барысында жұмыс істеген интерактивті аймақтарда онкологтар мен маммологтар тұрғындарға аурудың алдын алу жолдарын, белгілерін және тұрақты тексерудің маңызын түсіндірді.
Қайырымдылық жәрмеңкесінде келушілер тақырыптық кәдесыйлар мен тағам өнімдерін сатып алып, түскен қаражат онкологиялық науқастарды қолдауға бағытталды.
Көпшіліктің назарын өзіне аударған фотозоналар мен «Қызғылт лента сыйла» акциясы ерекше әсер қалдырды. Оның аясында қатысушылар өтіп бара жатқан жандарға қызғылт түсті ленталар тағып, әйелдерге деген ынтымақ пен қолдау сезімін білдірді.
Шараның соңы жарқын көңіл күйге толы «Қызғылт толқын» флешмобымен түйінделді. Қатысушылар қызғылт түсті жалаушалар мен ленталарды көтеріп, үміт пен бірліктің нышаны – алып жүрек бейнесін жасады.
«Тараздағы Қызғылт қазан» акциясы спорттық әрі қоғамдық шара болумен қатар, ерте диагностика – өмірді сақтайтынын еске салған маңызды оқиғаға айналды.
Айта кетейік, «Қызғылт қазан» – сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған халықаралық қозғалыс. Ол жыл сайын қазан айында әлемнің көптеген елдерінде өткізіледі.
Кампанияның мақсаты – әйелдердің өз денсаулығына мұқият қарауын, профилактикалық тексерулердің қажеттілігін және ауруды ерте анықтаудың маңызын насихаттау.
Бұл игі бастама 1990 жылы Нью-Йорк қаласында «Жазылу жолында» деген ұранмен өткен алғашқы марафоннан бастау алған.
Кампанияның басты нышаны – қызғылт түсті лента, ол әйелдік нәзіктіктің, қолдаудың және сауығуға деген үміттің символына айналды.