Жамбыл облысында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асуда

Жамбыл облысында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асуда
Жамбыл облысында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асуда
Жамбыл облысының медициналық ұйымдарында медицина қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа пилоттық жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еңбек қауіпсіздігі стандарттарына және тәуекелдерді басқару саласындағы халықаралық талаптарға сәйкес жүзеге асырылуда. Осыған орай Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Айдын Алтай облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына барып, аталған жобаның жұмыс істеу деңгейіне зерделеу жасады.
Жобаның негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерін қорғаудың тиімді жүйесін құру, төтенше жағдайлардың алдын алу және дәрігерлер мен пациенттердің қауіпсіздігін барынша арттыру. Бұл бастама медициналық ортадағы еңбек мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, мамандардың кәсіби қызметін барынша қауіпсіз етуге бағытталған.
Осы мақсатта жедел медициналық жәрдем базасында заманауи қауіпсіздік технологиялар орнатылған. Атап айтқанда, бейнебақылау камералары, SOS дабылы бар бейнежетондар мен бейнетіркегіштер, орталықтандырылған онлайн-мониторинг жүйелері, сондай-ақ қорғалған байланыс арналары бар басқару құрылғылары енгізілген. Бұл жаңашыл шешімдер медициналық мекемелерде тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз етіп, оқыс жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, техникалық жұмыстарды «Адам қауіпсіздігі институты» ЖШС атқарды. Компания Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі IT-технопарктің резиденті болып табылады.
Бұл жоба Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабында бекітілген еңбек қауіпсіздігі құқығын іске асырумен қатар, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғау және оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмаларымен де үндес.