Жамбыл облысында мұғалімдерге арналған «Иммундық патруль» бағдарламасы бойынша тренинг өтті

Жамбыл облысында мұғалімдерге арналған «Иммундық патруль» бағдарламасы бойынша тренинг өтті
Жамбыл облысында мұғалімдерге арналған «Иммундық патруль» бағдарламасы бойынша тренинг өтті
21–23 қазан күндері А. Бөкейханов атындағы №1 гимназия базасында биология және жаратылыстану пәні мұғалімдеріне арналған үш күндік тренинг өтті. Оқыту барысында педагогтар білім беру бағдарламасы – «Иммундық патруль» жобасын мектеп тәжірибесіне енгізу жолдарын үйренді.
Іс-шараны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы елдік кеңсесі Жамбыл облысының Денсаулық сақтау және Білім басқармаларымен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырды. Тренингке Тараз қаласы мен облыс аудандарынан барлығы 40 мұғалім қатысты.
Мұғалімдер оқушыларға иммундық жүйе мен вакцинацияның маңызын интерактивті түрде түсіндіруге арналған «Иммундық патруль» цифрлық платформасында жұмыс істеу дағдыларын меңгерді. Бағдарлама алты оқу модулінен тұрады:
1. Аурулар және олардың таралу жолдары,
2. Иммундық жүйе,
3. Вакцинация,
4. Ұжымдық иммунитет,
5. Вакциналарды әзірлеу,
6. Ақпаратты сын тұрғысынан бағалау.
Жоба Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық аймақтық бюросының қолдауымен жүзеге асырылып, Еуропаның бірнеше елінде табысты енгізілген. Қазақстанда бұл платформа толықтай қазақ және орыс тілдеріне аударылған. Жамбыл облысы — бағдарлама бойынша жергілікті мұғалімдер алғаш рет оқытылған өңір атанды.
Бағдарламаның негізгі мақсаты — оқушылардың денсаулық туралы сауаттылығын арттыру, ақпаратты сын тұрғысынан бағалауға үйрету және вакцинацияның ағзаны қорғаудағы рөлін түсіндіру.
Бүгін №1 гимназияда өткен ашық сабақ барысында мұғалімдер жаңа әдістемелерді қолдана отырып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Оқушылар иммундық жүйенің жұмысын ойын түрінде зерттеп, практикалық тапсырмаларды орындады.
Педагогтардың пікірінше, бағдарлама биология сабақтарын қызықты етіп қана қоймай, оқушылардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырады.
Ұйымдастырушылар «Иммундық патруль» бағдарламасын енгізу — мектептегі денсаулық сақтау және аурулардың алдын алу саласындағы білім беруді дамытуға, сондай-ақ білім мен денсаулық сақтау салаларының өзара ынтымақтастығын нығайтуға маңызды қадам деп санайды.