АПВ-ға қарсы вакцинация — жатыр мойны обырынан қорғанудың сенімді жолы

АПВ-ға қарсы вакцинация — жатыр мойны обырынан қорғанудың сенімді жолы
АПВ-ға қарсы вакцинация — жатыр мойны обырынан қорғанудың сенімді жолы
Тараз қаласында адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияның маңыздылығына арналған аймақтық ақпараттық-ағартушылық семинар өтті. «АПВ-ға қарсы екпе: сұрақтар мен жауаптар» атты жиын Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы және ДДСҰ-ның Қазақстандағы Өкілдігінің ұйымдастыруымен өтті.
Басқосудың басты мақсаты — жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған екпенің тиімділігін көпшілікке кеңінен түсіндіру, медицина мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының күшін біріктіре отырып, халықтың ақпараттылығын арттыру.
Семинарды Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек ашып, вакцинацияның қоғамдық денсаулықты сақтаудағы рөліне тоқталды:
— Бұл екпе — алдын алуға болатын ең қауіпті дерттердің біріне тосқауыл қоюдағы маңызды қадам. Қоғам сенімді әрі ғылыми негізделген ақпаратты БАҚ арқылы қабылдайды. Ата-аналардың шешіміне ықпал етуде сіздердің рөлдеріңіз ерекше. Ұлт саулығы — біздің ортақ жауапкершілігіміз, — деді ол.
Семинар модераторы — ДДСҰ-ның Қазақстандағы иммундау бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Қанат Суханбердиевтің айтуынша, елімізде жатыр мойны обыры — әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар ішінде екінші орында. Жыл сайын шамамен 1900 жаңа жағдай тіркеліп, өкінішке қарай, 600-ге жуық әйел осы дерттен көз жұмады. Көп жағдайда бұл аурудың негізгі себебі — адам папиллома вирусы.
Бүгінде әлемнің 135-тен астам елінде АПВ-ға қарсы жоспарлы вакцинация жүргізілуде. Бұл қатарда көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан да бар. Ал АҚШ, Канада, Аустралия, Швеция, Дания, Ирландия мен Жаңа Зеландия секілді елдерде оның тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Бүгінде әлемнің 135 елінде, соның ішінде көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда АПВ-ға қарсы жоспарлы екпе жүргізілуде. Аталған вакцина өзінің жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін АҚШ, Канада, Аустралия, Швеция, Дания, Ирландия, Жаңа Зеландия сынды елдерде толық дәлелдеген.
Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинация 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап ресми түрде Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Қазіргі таңда 11 жастағы қыз балаларға екпе тегін салынады. ҚР ДСМ ҰҚДСО жанындағы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева мәлімдегендей, бүгінге дейін елімізде 272 277 қыз бала екпе алған: оның ішінде 170 004-і алғашқы, 108 273-і екінші дозасын қабылдаған.
Семинар барысында нақты өмірден алынған оқиғалар да айтылды. Солардың бірі – жатыр мойны обырын жеңіп шыққан Гүлзира Сейітқадырованың әсерлі әрі үміт сыйлаған оқиғасы. Ол өзінің дертке алғаш диагноз қойылған сәтінен бастап күрделі ем жолынан қалай өткенін, туыстарының қолдауы, медицина көмегі мен өзінің ішкі күш-жігерінің арқасында ауруды қалай жеңгенін баяндады.
— Ең бастысы — үміт үзбеу, дер кезінде дәрігерге жүгіну. Бұл індетпен күресудің ең тиімді жолы — оның алдын алу. Мен өз басымнан өткерген ауыртпалықты басқалар сезінбесе екен деймін. Сол себепті ата-аналар мен қыз балаларға айтарым — ауруды күтпеңіздер, екпе салдырып, өзіңізді қорғаңыздар, — деді ол.
Өз тәжірибесімен Жамбыл облыстық ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Сымбат Құлбаева да бөлісті. Ол 2013 жылы студент кезінде АПВ-ға қарсы алғашқы пилоттық жобаға қатысып, вакцина қабылдаған. Қазірге дейін ешқандай жағымсыз әсер байқалмағанын және бұл екпенің қауіпсіз әрі қажетті екеніне кәміл сенетінін жеткізді. Бүгінде өзі де ана және медицина қызметкері ретінде вакцина жайлы теріс пікірді сейілтіп, қоғам сенімін арттыруға үлес қосып жүр.
Жамбыл облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығы директорының орынбасары Гүлжан Тайтелі жатыр мойны обырының себептері, қауіп факторлары мен алдын алу шаралары жайлы жан-жақты баяндама жасады. Ал Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Муликова өңірдегі иммундау көрсеткіштері бойынша өзекті мәліметтермен бөлісті.
Семинар соңында мамандардың ортақ пікірі — жатыр мойны обырының алдын алуға болады. АПВ-ға қарсы вакцинация — ғылыми дәлелденген, қауіпсіз әрі қолжетімді әдіс. Бұл дертсіз болашақ мүмкін. Ол үшін баршамыз бірігіп, дұрыс ақпарат таратуымыз, алдын алу шараларын қолдауымыз және денсаулыққа деген жауапкершілікті қалыптастыруымыз қажет.