Жамбыл облысында мұғалімдерге арналған «Иммундық патруль» тренингі басталды
Бүгін Тараз қаласындағы А. Бөкейханов атындағы №1 гимназиясында биология және жаратылыстану пәні мұғалімдеріне арналған үш күндік «Иммундық патруль» атты білім беру модулін енгізу бойынша тренинг өз жұмысын бастады.
Бұл іс-шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы елдік офисі, Жамбыл облысының денсаулық сақтау және білім басқармаларымен бірлесіп ұйымдастырылуда.
ДДҰ білім беру мен денсаулық сақтау салаларының өзара ынтымақтастығын күшейтуге басымдық береді. Бұл – халық денсаулығын жақсарту үшін кешенді көзқарас пен әр сектордың үйлесімді іс-әрекеті қажет деген халықаралық деңгейде танылған тұжырыммен үндеседі. Аталған стратегиялық бағыт 2030 жылға дейінгі иммундау күн тәртібінде бекітілген.
Тренингтің ашылуында Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев құттықтау сөз сөйлеп, жастар арасындағы ағарту жұмыстарының маңыздылығын және вакцинацияға деген сенімді қалыптастыруда білім саласының рөлін ерекше атап өтті.
Ал ДДҰ елдік офисінің иммундау жөніндегі сарапшысы Сәуле Қасымова «Иммундық патруль» бағдарламасының мақсаты мен міндеттері туралы айтып берді. Оның айтуынша, бұл жоба халық арасында вакцинацияға деген сенім мен сұранысты арттыруға ықпал етеді, ал мектептерді ағартушылық процеске тарту – осы бағыттағы маңызды қадам.
«Иммундық патруль» — бұл Еуропалық өңірлік бюро мен салалық мамандар бірлесіп әзірлеген, ойын форматындағы тегін цифрлық оқу платформасы. Ол оқушыларға иммундық жүйе мен вакцинация негіздерін түсінікті әрі қызықты түрде жеткізеді. Бағдарламаға 60 минуттан тұратын 6 оқу модулі енген, олар сыныптағы сабақтармен, цифрлық ойындармен және симуляциялық тапсырмалармен толықтырылған.
Тренинг барысында қатысушылар Жамбыл облысы мен өзге өңірлердегі пилоттық мектептердің тәжірибесімен танысты. Өз жұмыстарымен Байзақ ауданындағы С. Абланов атындағы орта мектеп мұғалімі Жанна Карабаева, Тараз қаласындағы №15 мектептің ұстазы Шынар Толқымбекова, сондай-ақ Шымкент қаласындағы №89Б мектеп-лицейінің өкілі Жансұлу Ерубаева бөлісті. Олар бағдарламаның өз мектептерінде сәтті іске асқаны туралы айтып өтті.
Мұғалімдер «Иммундық патруль» платформасында тіркеліп, оқушы аватарларын жасап, №0 және №1 модульдер бойынша онлайн және офлайн тапсырмаларды орындады. Тренингтің алғашқы күні нәтижелерді талқылаумен, пікір алмасумен және алған әсерлерімен бөлісумен аяқталды.Тренинг 23 қазанға дейін жалғасады.
Тренинг аяқталған соң мұғалімдер бағдарлама бойынша сабақ беруге қажетті білім мен құралдарды толық меңгереді. Бұл платформа мектеп оқушыларының денсаулыққа дұрыс көзқарас қалыптастыруына, ақпаратты сараптау қабілетін дамытуға және вакцинацияға деген сенімді арттыруға ықпал етеді.