Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында заманауи хирургиялық технологиялар бойынша шеберлік сыныбы өтті

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында заманауи хирургиялық технологиялар бойынша шеберлік сыныбы өтті
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында заманауи хирургиялық технологиялар бойынша шеберлік сыныбы өтті
2025 жылдың 16–17 қазан күндері Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында ішкі ағзалар мен кеуде қуысы бойынша шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны аурухана ұйымдастырып, оған осы салада көп тәжірибесі бар білікті хирургтер жиналды. Атап айтқанда, медицина ғылымдарының кандидаты, онкохирург Серік Жәкіпбеков, қан тамырлары хирургі Асқар Маткерімов және хирург Мұхамеджан Нұрғазиев дәрігерлермен тәжірибе бөлісті.
Шеберлік сыныбына Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы ауруханалардың хирург-дәрігерлері де қатысты.
Іс-шара барысында заманауи хирургияда кеңінен қолданылып жүрген минималды инвазивті әдістер — эндоскопиялық және эндоваскулярлық технологиялар арқылы бірқатар күрделі операциялар жасалды. Ота үдерісі операциялық бөлмеден лекциялық залға тікелей көрсетілім арқылы беріліп, қатысушыларға нақты тәжірибені бақылауға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, медицина ғылымдарының кандидаты Серік Жәкіпбеков асқорыту жүйесі ауруларын аз инвазиялық жолмен емдеу тәсілдері мен ішек стомасын қалыптастырудағы хирургиялық шешімдер туралы мазмұнды дәріс оқыды.
Практикалық бөлімде дәрігерлер бірнеше күрделі операция жасады. Соның ішінде ең маңызды оталардың бірі — өңештегі қатерлі ісікті алып тастау болды. Бұл операция үш кезеңмен өтті: алдымен кеуде қуысындағы өңешті торакоскопия әдісімен босату, кейін зақымданған бөлікті кесіп алып тастау және соңында Мак-Кьюн әдісімен лапароскопиялық жолмен өңештің қызметін қалпына келтіру. Сондай-ақ, заманауи эндоскопиялық құралдардың көмегімен тоқ ішектегі ісік те сәтті алынды.
Тамыр хирургиясы бағытында да бірқатар маңызды оталар жасалды. Дәрігерлер ұйқы артериясын қалпына келтіріп, оң жақ аяқтың қан айналымын жақсарту үшін жамбас артерияларына күрделі шунттау операциясын сәтті орындады. Барлық хирургиялық әрекеттер заманауи технологиямен жабдықталған операция бөлмелерінде өтті. Бұл құрал-жабдықтар дәрігерлерге оталарды барынша дәлдікпен және аз жарақатпен жасауға мүмкіндік берді.
Шеберлік сыныбы аясында барлығы сегіз операция жасалды. Оның алтауы — эндоскопиялық, екеуі — интервенциялық әдіспен орындалды.
71 жастағы науқас П. жұтыну кезіндегі ауырсыну, дене салмағының төмендеуі және жалпы әлсіздік секілді шағымдармен ауруханаға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде өңешінде түзіліс (ісіктік өзгеріс) анықталды. Консилиум шешімі бойынша, науқасқа шеберлік сыныбы аясында жоспарлы түрде операция жасалды. Алдымен торакоскопия әдісімен өңеш босатылып, зақымдалған бөлігі кесіліп алынды. Кейін өңеш пен асқазан арасында анастомоз жасалды. Ота екінші кезеңде лапароскопиялық Мак-Кьюн әдісімен жалғасып, өңеш пластикасы асқазан трансплантатын қолдану арқылы аяқталды. Операция сәтті өтті, асқынулар тіркелген жоқ.
66 жастағы науқас А. төменгі аяқтағы қан тамырларының тарылуы және бітелуі диагнозымен жоспарлы түрде емделді. Оған дәрігерлер науқасқа қан айналымын жақсарту үшін шунттау операциясын сәтті орындады.
Хирургиялық операцияны А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының ангиохирургия бөлімінің аға ғылыми қызметкері Асқар Маткерімов, бөлім меңгерушісі Манат Жақұбаев және Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының тамыр хирургі Рахым Садибек бірлесіп жүргізді.
Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтіп, науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары Асқар Садықов пен ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай шеберлік сыныптары өңірлік хирургтердің кәсіби деңгейін көтеруге, жаңа технологияларды енгізуге және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізеді.