Қабылдау сапасы – бақылауда

Қабылдау сапасы – бақылауда
Қабылдау сапасы – бақылауда
Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қалалық көпбейінді ауруханасы және консультациялық-диагностикалық орталығының пациенттерді қабылдау бөлімінің жұмысымен танысты.
Аралау барысында басқарма басшысы пациенттерді қабылдау тәртібін, алғашқы медициналық көмектің ұйымдастырылуын, жарақат алған науқастарға көрсетілетін шұғыл медициналық көмек, жедел ота жасау мүмкіндіктері, төтенше жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық көмектің дайындық деңгейін жіті назарға алды.
Медициналық көмектің сапасы мен жеделдігіне тікелей әсер ететін бірқатар маңызды факторлар – науқасты қабылдау алгоритмі, алғашқы тексеру кезеңі, мамандарға қолжетімділік және шұғыл жағдайдағы әрекет ету тәртібі жан-жақты қарастырылды. Басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың үйлесімділігін, медициналық персоналдың әрекет ету жылдамдығы мен кәсіби даярлығын ерекше атап өтті.
Сержан Назарбек аурухананың бас дәрігері Хамит Мурзакасымовқа нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, қабылдау бөлімінің жұмыс процесін одан әрі жетілдіру, пациенттер ағынын тиімді басқару, медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ халыққа көрсетілетін көмекті сапалы әрі жүйелі түрде ұйымдастыру бағытында кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
Басқарма басшысы медициналық мекеме жұмысындағы басты басымдық – пациентке бағдарланған көзқарас пен тиімді қызмет көрсету екенін еске салып, қабылдау бөлімінің жұмысы облыстық деңгейде тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Қабылдау бөлімінің сапалы қызметі – халық денсаулығына көрсетілетін көмектің алғашқы әрі маңызды сатысы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түспек емес.