Пациенттердің шағымдары бақылауда: басқарма басшысы нақты тапсырмалар жүктеді
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барып, аудандық орталық аурухана мен бірқатар медициналық мекемелердің қызметімен танысты.
Іссапар барысында медициналық қызмет сапасы, емдеу-алдын алу шараларының орындалуы, кадрмен қамтылу және материалдық-техникалық база мәселелері талқыланды. Басқарма басшысы медицина қызметкерлеріне бірқатар ұйымдастырушылық және әдістемелік тапсырмалар беріп, жүйелі жұмысты қамтамасыз ету жолдарын ұсынды.
Сапар нәтижесінде аудан халқына көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары жасақталып, бақылауға алынды.
Айта кетейік, Сарысу ауданында 37 082 тұрғын бар. Ауданда 1 аудандық аурухана, 1 ауылдық емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық пункт халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Аудандық орталық аурухана 1969 жылы салынған, қазіргі ғимарат талапқа сай емес. Жаңа аурухана салу мәселесі қарастырылып жатқандығы да тыс қалған жоқ.
Сапар барысында басқарма басшысы аудандағы кадр тапшылығы мәселесін қозғап, жаңадан келген жас мамандармен арнайы кездесті. Жас дәрігерлермен әңгіме барысында оларға кәсіби қолдау көрсету, қызметке бейімделуіне көмектесу және тұрақты жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, басқарма басшысы медицина қызметкерлерінің пациенттермен қарым-қатынас мәдениетіне ерекше назар аударды. Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан медицина қызметкерлерінің дөрекі мінез-құлқы мен немқұрайдылығы туралы көптеген шағымдар түсіп жатқанын айтып, бұл мәселені шұғыл шешу қажеттігін ескертті.
Пациентке құрметпен қарау, медициналық этика мен деонтология қағидаларын сақтау, кәсіби адалдық пен жауапкершілікті күшейту – сапалы медициналық көмектің басты негізі екенін жеткізді. Сондай-ақ, басқарма басшысы медицина қызметкерлеріне коммуникациялық дағдыларды дамыту, пациентпен сенімді әрі тиімді байланыс орната білу — қызмет көрсету сапасын арттырудың маңызды шарты екенін баса айтты.
Аудан халқына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында басқарма басшысы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айнұр Каликоваға пациенттермен қарым-қатынасты жақсарту, қызметкерлер арасында медициналық этика мен деонтология талаптарын сақтау, сондай-ақ қызмет сапасына байланысты шағымдардың санын азайту бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Ол әсіресе тұрғындар тарапынан жиі түсетін шағымдарды мұқият талдап, әрбір жағдайға жедел әрі әділ шешім қабылдауды және мұндай фактілердің қайталанбауын қамтамасыз етуді жүктеді. Сонымен қатар, шағымдардың шешілу барысы мен атқарылып жатқан жұмыстарды тікелей өзінің жеке бақылауында ұстайтынын атап өтті.
Басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып, нәтижесін тұрақты түрде баяндап отыру қажеттігін ескертті.