Әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу – өңірдің басты назарында

Әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу – өңірдің басты назарында

Әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу – өңірдің басты назарында

Жамбыл облысында халық денсаулығын жақсарту мақсатында профилактика мен ерте диагностикаға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Мамандардың айтуынша, өңірде өлім-жітім құрылымында бірінші орында – қан айналым жүйесі аурулары, екінші орында – тыныс алу ағзаларының аурулары, үшінші орында – қатерлі ісіктер, төртінші орында – ас қорыту жүйесі аурулары, бесінші орында – жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім тұр. Соңғы деректерге сәйкес, тыныс алу ағзалары ауруларынан болатын өлім-жітім 0,2 %-ға, туберкулезден өлім-жітім 7,5 %-ға төмендеген. Ал тыныс алу ауруларының өзімен сырқаттанушылық 9 %-ға азайды.

Жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау үшін облыстың барлық емханаларында созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кабинеттері ашылған.

Денсаулық сақтау басқармасы арнайы координаторлар тағайындап, кардиологиялық қызмет, СЖЖ және липидология бағыттарын күшейтті. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті мен глаукоманы анықтауға арналған скринингтер жүргізілуде. 8 айдың қорытындысы бойынша қамту деңгейі 78 %-ды құрады, нәтижесінде 5149 жаңа жағдай анықталған.

Онкологиялық аурулардың алдын алу бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Жамбыл онкоорталығы мамандарынан арнайы топ құрылып, емханалардағы скрининг сапасы тексерілуде. Биыл ақпанда онкодиспансер жұмысы туралы бейнеролик әзірленіп, облыстың барлық медицина мекемелерінде көрсетілді. Сондай-ақ жасанды интеллект элементтері бар цифрлық радиологиялық жүйе енгізіліп, қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік берілді.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация да қарқын алып келеді. Қазан айынан бері 11 305 қыз балаға вакцина салынды, бұл жоспардың 98,6 пайызын құрайды. Сонымен бірге дәрігерлер мен мұғалімдер үшін 82 семинар өткізіліп, 6776 ата-ана және 5507 жасөспірім қамтылды.

Онкодиспансерде «Жасыл дәліз» мониторингін жүргізетін арнайы орталық құрылды. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен өңірге ангиограф, сәулелік терапияға арналған жаңа үдеткіш, сондай-ақ шалғай ауылдарға шығатын жылжымалы медициналық кешен әкелу жоспарлануда.

Болашақта ПЭТ-аппаратын сатып алу және қалқанша безі ауруларын емдеуге радиойодтерапияны енгізу де көзделіп отыр.

Бұл шаралардың барлығы өңір халқының өмір сүру сапасын арттырып, өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге бағытталған.