Жатыр мойны обырын алдын алу және иммундау саласындағы коммуникация бойынша семинар өтті
Бүгін онлайн және офлайн форматта 11 жастағы қыз балалар арасында адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация және жатыр мойны обырының алдын алу мәселелері бойынша облыстық семинар өтті. Іс-шара Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бірлескен бұйрығы және кадрларды даярлау жөніндегі жылдық жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылды.
Семинар барысында құттықтау сөз сөйлеген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев пен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Муликова адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияның жатыр мойны обырының алдын алудағы тиімділігіне назар аударып, бұл бағыттағы профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, олар халықпен тиімді және жүйелі коммуникация орнатуда медициналық қызметкерлердің рөлі ерекше екенін тілге тиек етті.
Семинарға өңірдің 120-дан астам маманы – иммунологтар, эпидемиологтар, мектеп медицинасындағы дәрігерлер және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының қызметкерлері қатысты. Талқылау тақырыптары: АПВ және басқа инфекцияларға қарсы вакцинаның маңыздылығы мен тиімділігі, халықаралық және ұлттық тәжірибе, оның ішінде Жамбыл облысындағы тәжірибе, екпе жұмыстарын ұйымдастырудағы өзекті мәселелер және вакцинацияға жеке үлес қосу мысалдары болды.
Семинарда баяндамалар мен талдамалық материалдармен шақырылған сарапшы – Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша стратегиялық альянстар орталығының АПВ-ға қарсы вакцинация жөніндегі маманы, дәрігер Иван Устюжанин (онлайн), облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы, Жамбыл облыстық инфекциялық ауруханасының кеңес беру-әдістемелік орталығының басшысы Гүлфайра Мырзабекова, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұқпалы және паразиттік ауруларды қадағалау бөлімінің бас маманы Гаухар Жұмашова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Мұрат Жұмабаев, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бағила Бегманова және басқалар сөз сөйледі.
Семинар қатысушыларына алдағы қызметтерінде пайдалануға арналған қазақ және орыс тілдеріндегі 3 000-нан астам ақпараттық брошюралар мен жадынамалар таратылды.
Семинар қорытындысы көрсеткендей, жатыр мойны обырын алдын алу және АПВ-ға қарсы вакцинация әйелдер денсаулығын қорғаудың басым бағыттары болып табылады. Әртүрлі деңгейдегі мамандардың бірлескен жұмысы, тәжірибе алмасу және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру – Жамбыл облысы халқының денсаулығын нығайтуға қосылатын маңызды үлес болмақ.