Сапа – сенімнің бастауы

Сапа – сенімнің бастауы
Сапа – сенімнің бастауы
Қордай ауданының денсаулық сақтау жүйесінде маңызды жетістікке қол жеткізілді. Қордай аудандық орталық ауруханасына 2025–2028 жылдарға арналған ұлттық аккредитацияның I санаты берілді. Бұл шешім Денсаулық сақтауда сапаны және аккредитацияны бағалау институтының қорытындысы негізінде қабылданып, медициналық ұйымның жоғары кәсіби деңгейін және жүйелі дамуын айғақтайды.
I санаттың берілуі — көрсетілетін медициналық көмектің қолданыстағы ұлттық стандарттарға толық сәйкес келетінін, пациенттердің қауіпсіздігі мен сапалы қызмет алуының қамтамасыз етілетінін дәлелдейді. Бұл мәртебе медициналық қызметтің ұйымдастырылу деңгейін, инфрақұрылымның мүмкіндіктерін, мамандардың кәсіби даярлығы мен жауапкершілігін жан-жақты қамтиды.
Аталған нәтижеге қол жеткізу — аурухана ұжымының үздіксіз кәсіби дамуға, инновациялық тәсілдерді енгізуге және халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған табанды еңбегінің жемісі. I санат — бұл тек қана жетістік емес, сонымен бірге алдағы кезеңдерде одан әрі дамуға және жоғары санатқа ұмтылуға берілген зор мүмкіндік пен үлкен жауапкершілік.