Атеросклероздың алдын алу апталығы: тұрғындарға тегін кеңес пен тексерулер ұйымдастырылды
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының ұйымдастыруымен “Атеросклероз ауруының алдын алу апталығы”аясында кең көлемді акция өтті.
Шараның негізгі мақсаты – халық арасында жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және ауруларды ерте кезеңде анықтау.
Акция МАРТ сауда орталығында ұйымдастырылып, облыс тұрғындары үшін тегін медициналық кеңестер мен профилактикалық тексерулер өткізілді.
Келушілерге дәрігерлер жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, олардың алдын алу жолдары және дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділіктің маңызы туралы кеңінен түсіндірме жасап, тағайындамалар берді.
�Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен акцияға қатысқан тұрғындарға биохимиялық сараптамадан тегін өтуге жолдамалар ұсынылды. Бұл қадам - аурудың ерте сатысында анықталуына және тиімді ем жүргізілуіне мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, атеросклероз - өлім себептері бойынша алғашқы үштікке кіреді. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды жылына кем дегенде бір рет профилактикалық тексеруден өтіп тұруға шақырды.
Атеросклероздың алдын алудың басты жолы – дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті арттыру, зиянды әдеттерден бас тарту және денсаулықты жүйелі түрде бақылау екенін атап өтіп, артериялардың ішкі қабырғаларында холестерин мен басқа майлардан тұратын тақта пайда болуының нәтижесінде қан айналымының бұзылуына әкелетін аурудан сақтанудың жолдарын айтты.