Жас жүрекке үміт сыйлаған операция
Тараз қаласындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында алғаш рет 16 жастағы жасөспірімге жүректегі ақауды түзету бойынша күрделі ота жасалып, сәтті аяқталды.
Науқас бала туылғаннан бастап дәрігерлердің бақылауында болған. Оның жүрегіндегі басты қақпақтардың бірі — аорталық қақпақ екі жармалы (қалыпты жағдайда үш жармалы болуы керек) болып туған. Бұл жүрек қақпағы дұрыс ашылып-жабылмай, қан айналымына кедергі келтірген. Уақыт өте келе жағдайы нашарлап, бала жеңіл жүріс немесе ойын кезінде де қатты ентігетін болған.
Жүректі арнайы тексеру кезінде қақпақтан өту кезінде қан қысымының айырмасы өте жоғары екені анықталған — 100 мм сынап бағанасы, бұл қалыптыдан бірнеше есе жоғары. Сол себепті баланы шұғыл түрде ауруханаға жатқызып, ота жасау қажет болды.
Науқасты стационарға шұғыл түрде жатқызу туралы шешім жетекші мамандардың қатысуымен өткен мультидисциплинарлық медициналық консилиум барысында қабылданды. Консилиум құрамында орталық директоры, профессор Сейітхан Джошыбаев, балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Икром Мухамедов, бас дәрігер Алмас Әлібеков, емдеу ісі жөніндегі орынбасар Ибадат Амрекулова, функционалдық диагностика дәрігері Әлия Азимжанова және балалар кардиологы Юлия Уколова болды.
Балаға Озаки әдісімен операция жасалды. Бұл – қазіргі кезде дамыған елдерде қолданылып жүрген озық тәсіл. Онда жүрек қақпағы баланың өз жүрек қабығынан (перикард) жасалып қайта қалыптастырылады.
Ота сәтті өтті. Қақпақтағы қысым айырмасы 100-ден 6 мм сынап бағанасына дейін төмендеді, жүректегі кері қан ағысы тоқтады. Енді бала толыққанды өмір сүріп, спортпен де айналыса алады.
Мұндай операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады. Бұл жүйе арқылы мемлекет күрделі әрі қымбат емдеу шараларына қаржы бөліп отыр.
Кардиохирургия орталығы алдағы уақытта да жаңа технологияларды енгізіп, жүрек ауруы бар науқастарға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуді жалғастырады.