Жасанды интеллект: болашақтың емес, бүгіннің медицинасы

Жасанды интеллект: болашақтың емес, бүгіннің медицинасы

Жасанды интеллект: болашақтың емес, бүгіннің медицинасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізудің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Президент Үкіметке «Жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс» деген нақты тапсырма берді.
Бұл бастама ел көлемінде біртіндеп жүзеге асып жатса, Жамбыл облысында ол – нақты іске айналып отыр.

Өңірде жасанды интеллектке негізделген жобалар, инфрақұрылымдық жаңғырту, кадрмен қамтамасыз ету және халыққа алғашқы медициналық көмекті жақындату бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Телерадиология мен жасанды интеллекттің ықпалы
2025 жылдың ақпан айынан бастап Жамбыл облысында ЖИ технологияларына негізделген телерадиология жобасы іске қосылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «WDSOFT» компаниясы бірлесіп, ТМД елдерінде баламасы жоқ бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйені қалыптастырды. 22 медициналық мекеме бір желіге біріктіріліп, радиологиялық зерттеулер орталықтандырылған форматта жүзеге асады.
Бұл жоба бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде ауруларды ерте анықтауға бағытталған.

Жасанды интеллекттің көмегімен диагноз дәлдігі артып, емделушілердің өмір сүру сапасы мен ұзақтығы жақсарады.
Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – басты басымдық
2023–2027 жылдарға арналған ұлттық кешенді жоспар аясында машиналық көру және когнитивті технологиялар енгізілуде. «x-Eye Mammo» сүт безі қатерлі ісігін, «x-Eye Toraks» өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект тіпті 1 мм көлеміндегі түзілістерді де көре алады, ал адам көзі тек 5 мм-ден кейін байқайды. Бұл – ерте диагностика мен уақытылы емдеудің кепілі.

Тараз қаласында құрылған бірыңғай қорғалған ақпараттық жүйе облыстағы барлық рентгенологиялық зерттеулерді жинақтап, мұрағаттауға мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан «медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізу» жөніндегі тапсырмасына толықтай сәйкес келетін нақты қадам.

Президент Жолдауында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынғаны, жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілетіні айтылды. Жамбыл облысында да бұл бағытта нақты нәтижелер бар: 2023–2024 жылдары жоспарланған 30 медициналық нысанның 29-ы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, 2025–2034 жылдарға арналған өңірлік жоспарға сәйкес, Тараз, Жуалы, Қордай, Байзақ, Сарысу аудандарында жаңа ауруханалар мен емханалар салу және қолданыстағы нысандарды күрделі жөндеу көзделген.

Биылғы жылы өңір бойынша 6 млрд теңгеге 173 бірлік заманауи медициналық техника сатып алу көзделген. 2023–2024 жылдары 76 санитарлық автокөлік алынды, 2026 жылға дейін тағы 60 көлікпен жабдықтау жоспарланған.
Халық санының артуына байланысты, Тараз қаласында №10 қалалық емхананы ашу жоспары да – медициналық қызмет қолжетімділігін арттыру бағытындағы қадам.

Президент өз сөзінде дәрігердің мәртебесін көтеру мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты нақты шаралар қабылданып жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
Жамбыл облысында бүгінгі таңда 15 459 медицина қызметкері еңбек етуде, оның ішінде 3 463 дәрігер мен 11 996 орта медицина маманы бар. Алайда, 109 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджет есебінен білім беру гранттары бөлініп, 84 резидент маманданып жатыр, 42 дәрігер өңірге жұмысқа орналасты.

Әлеуметтік қолдаудың нақты мысалдары:
41 маманға тұрғын үй сатып алуға 367,3 млн теңге жеңілдетілген несие;
129 маманға 47,6 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы;

Президент Жолдауында отандық фармацевтика өндірісін дамыту – стратегиялық міндет екені атап өтілді. Өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмектің түрі мен көлемін арттыру, әсіресе пандемия тәжірибесінен кейін, өте өзекті мәселе. Бұл бағытта да тиісті шаралар қолға алынуы тиіс.

Жамбыл облысында жүзеге асып жатқан жобалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған стратегиялық мақсаттармен толық үндеседі. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу – диагностика сапасын арттырып, медициналық қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадамдар денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын күшейтіп, дәрігер мәртебесін нақты істермен көтеруге ықпал етуде.

Сержан НАЗАРБЕК,
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы