Құрылыс жұмыстарымен танысты
Бүгін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Тараз қаласындағы «JANUIA medical center» емханасының қосымша салынып жатқан ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Сапар барысында басқарма басшысы нысанның құрылыс барысын, жоспарланған мерзімін, инженерлік инфрақұрылымын және болашақта көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін қарады. Жаңа корпус алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге арналған.
Сержан Назарбек медициналық нысандардың құрылысында ең басты назар — пациенттердің қауіпсіздігі мен қолайлығы, заманауи талаптарға сай инфрақұрылым және дәрігерлерге арналған ыңғайлы жұмыс жағдайы екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ол ғимараттың орналасуы, ішкі жоспарлануы мен функционалды аймақтардың дұрыс бөлінуі – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудің негізі екенін ескертті. Құрылыс жұмыстары барысында тиісті санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс және сәулет талаптарының қатаң сақталуы қажет екенін жеткізді.
Жаңа медициналық нысан пайдалануға берілгеннен кейін, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артып, өңірдегі алғашқы медициналық-санитариялық көмектің инфрақұрылымы біршама нығая түседі деп күтілуде.