Емханада кезекте отырған тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды

Емханада кезекте отырған тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды
Емханада кезекте отырған тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды
Бүгін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Тараз қаласындағы ірі емханалардың бірі — «JANUIA medical center» медициналық мекемесіне арнайы барып, медициналық көмек алу үшін таңертеңнен бастап кезекте отырған тұрғындармен тілдесті.
Кездесу барысында басқарма басшысы емхана қызметіне қатысты халықтың нақты ұсыныстары мен шағымдарын тыңдады. Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігі, дәрігер мамандарға алдын ала жазылу тәртібі, қабылдау сапасы сияқты күнделікті маңызды мәселелерді қозғады.
Сондай-ақ, кіші бейінді мамандардың қабылдауын күтіп отырған пациенттердің пікірлері ескеріліп, олардың қажеттілігіне орай жедел шешімдер қабылдау жолдары қарастырылды. Сержан Назарбек емделушілердің әрбір сұрағы назардан тыс қалмайтынын, олардың ұсыныстары нақты істермен жауап табуы керектігін атап өтті.
Басқарма басшысы сондай-ақ дәрігерлердің қабылдау бөлмелерін аралап, мамандардың жұмысын бақылап, көрсетіліп жатқан қызмет сапасына баға берді. Ол пациентпен қарым-қатынас мәдениетіне, кәсіби жауапкершілікке және уақтылы қызмет көрсетуге баса назар аудару қажеттігін айтты.
Кездесу аясында емхананың материалдық-техникалық базасы, медициналық жабдықтармен қамтылуы, кадр мәселесі және жалпы ұйымдастыру жұмыстары да қаралды. Емхананың тұрғындарға қолжетімді, жүйелі әрі мәдениетті қызмет көрсетуі — денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттерінің бірі екенін айтқан Сержан Назарбек, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Мұндай кездесулер саланың нақты жағдайын көзбен көріп, тұрғындардың көкейіндегі мәселелермен тікелей танысуға мүмкіндік береді.