Жоспардан тыс таңғы аралау

Жоспардан тыс таңғы аралау
Жоспардан тыс таңғы аралау
Бүгін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек «JANUIA medical center» емханасына барып, мекеменің таңғы қызметімен және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейімен танысты.
Кездесу барысында ол емхананадағы кіші бейінді мамандардың жұмысын және олардың тұрғындарға көрсетіп жатқан қызмет сапасын бағалады.
«JANUIA medical center» ЖШС — Тараз қаласындағы ірі емханалардың бірі. Қызмет көрсетілетін халық саны 9107 адамды құрайды, оның ішінде балалар саны — 5158. 70 жастан асқан тұрғындар 238 адамға жетіп, ересек халықтың 9,6%-ын құрайды. 1 жасқа дейінгі балалар саны 1000 адамға жетіп, бұл көрсеткіш өткен кезеңге қарағанда 433 адамға өскен. Бір жалпы практика дәрігері учаскесінде орташа есеппен 1513 адам тіркелген.
2025 жылы дәрігерлерге қабылдаулар саны 16 254 рет немесе 11,7% көбейген. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) дәрігерлеріне қабылдаулар үлесі 57%-ға жеткен, нормативтік көрсеткіш – 60%. Бір тұрғынға шаққанда орташа қабылдау саны 3,1 болып, 2024 жылмен салыстырғанда азайған.
Басқарма басшысы емханадағы онкология, туберкулез және басқа да әлеуметтік аурулардың алдын алу мен өлім-жітімді азайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударып, тұрғындардың вакцинациямен қамтылуы төмен деңгейде екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ емхана бас дәрігері Бота Узденбаеваға ана мен бала денсаулығын сақтау мен өлім-жітім көрсеткішін болдырмау, арыз-шағымдармен жұмыс жүргізу, дәрі-дәрмектердің берілуін бақылау және халықпен кері байланыс орнату туралы тиісті тапсырмалар беріп, олардың орындалуын назарға алуды жеткізді.