Аса ауылында әйелдерге арналған кеңес беру бөлімі ашылды

Аса ауылында әйелдерге арналған кеңес беру бөлімі ашылды
Аса ауылында әйелдерге арналған кеңес беру бөлімі ашылды
Бүгін Аса ауылында Жамбыл аудандық емханасы базасында әйелдерге арналған жаңа кеңес беру бөлімі ашылды.
Салтанатты шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев пен босандыру және бала денсаулығы қызметінің үйлестірушісі Қаракөз Сағынғалиева қатысты.
Өз сөзінде Ерік Мусабаев жаңа бөлімнің ашылуы әйелдер денсаулығын қорғауда және болашақ ұрпақты сақтауда маңызды екенін атап өтіп, ұжымға табыс пен кәсіби жетістік тіледі.
Сондай-ақ жаңа бөлімшенің медициналық көмектің сапасын арттырудағы маңызды қадам болатынын жеткізді. Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар бөлімшенің жұмысымен танысып, кабинеттерді аралап, жабдықталуы мен мамандардың дайындығына баға берді.
Әйелдер консультациясы 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдерге, жүкті және босанған аналарға көмек көрсету үшін ашылды. Бүгінде ауданда бала туу жасындағы 8 437 әйел бар. Оның ішінде 412-сі жүкті, олардың 155-і жоғары қауіп тобына жатады. Бір жүкті әйелге босануға тікелей қарсы медициналық көрсетілім қойылған.
Консультацияда әйелдерде онкологиялық ауруларды ерте анықтау, анықталған патологиялар кезінде оңалту ұйымдастыру, жүкті әйелдерге антенаталдық көмек көрсету және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерді қолдау жұмыстары жүргізіледі. Бұл үшін кабинет қажетті мамандармен және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда отбасын жоспарлау және босануға психопрофилактикалық даярлық мектебі де жұмыс істейді.
Ерекше назар әйелдерге жүктілікке дейін, жүктілік кезінде және босанғаннан кейін амбулаториялық-емханалық деңгейде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бағдарламасын іске асыруға аударылған. Бағдарламаның мақсаты – қауіп факторлары бар әйелдерді де қамти отырып, асқынуларды ерте анықтау, пренаталдық скрининг, генетикалық зерттеулер, қашықтан кеңес беру және патронаж арқылы уақытылы, сапалы әрі қолжетімді көмек көрсету. Бұдан бөлек, консультация аясында қиын өмірлік жағдайдағы әйелдерге психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету, аборттың алдын алу және репродуктивті денсаулықты насихаттау қарастырылған.
Туындауы мүмкін туа біткен аномалияларды ерте анықтау үшін біркүндік клиникалық тексеру жүргізіледі: 11–13,6 апта мерзімде ультрадыбыстық зерттеу және зертханалық талдаулар.
Әйелдер консультациясы құрылымында қабылдау және алғашқы тексеру кабинеті, тіркеу бөлімі, процедуралық кабинет, босануға психопрофилактикалық дайындық кабинеті, отбасын жоспарлау кабинеті, психолог, терапевт және ультрадыбыстық диагностика кабинеттері жұмыс істейді.