Дені сау ұрпақ – ана қамқорлығынан басталады
Бүгін №5 қалалық емханасында Ана сүтімен қоректендірудің Дүниежүзілік апталығы аясында «Балаға мейіріммен қарайтын ауруханада ана сүтімен қоректендіруді сақтау, қолдау және ынталандыру» тақырыбында маңызды семинар өз жұмысын бастады.
Жиынға Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, нәрестенің өмірінің алғашқы айларында дұрыс тамақтануы – ұлт денсаулығының іргетасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, ана сүтімен қоректендіруді кеңінен насихаттау тек медициналық емес, әлеуметтік тұрғыдан да ерекше маңызға ие.
Семинардың негізгі мақсаты – аналарды табиғи жолмен тамақтандырудың пайдасы жөнінде ақпараттандыру, медициналық ұйымдарда ана мен балаға қолайлы жағдай қалыптастыру және сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру.
Айта кетейік, шара бес күнге жалғасып, жас мамандар мен тәжірибелі дәрігерлерге арналған кешенді оқыту бағдарламасын қамтиды.
Семинар барысында Қазақстанның жетекші мамандары – еліміздің штаттан тыс бас неонатологы, ДДСҰ сарапшысы Бектұрған Тынымбайұлы мен «Астана медицина университетінің» профессоры, медицина ғылымдарының докторы Күләш Қалиқанқызы халықаралық тәжірибеге негізделген әдістемелерді таныстырып, қатысушылармен өз тәжірибелерімен бөлісті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, алғашқы 6 айда сәбиді тек ана сүтімен қоректендіру қажет. Бұл баланың иммунитетін күшейтіп, түрлі аурулардың алдын алса, ана денсаулығы үшін де табиғи қорғаныш болып табылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың түпкі мақсаты – аналарға жан-жақты қолдау көрсету, әрбір баланың дені сау болып өсуіне жағдай жасау. Өйткені ғылыми деректерге сәйкес, ана сүтімен қоректендірілген балалардың денсаулығы мықты әрі даму көрсеткіші жоғары болады.