Жамбыл облысында “Жастар” денсаулық орталығының жұмысы таныстырылды
Жамбыл облысына іссапармен келген Нәзипа Ыдырысқызы – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық аналар кеңесінің төрайымы – бірқатар әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты.
Сапар барысында Нәзипа Ыдырысқызымен бірге Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова да бірқатар денсаулық сақтау мекемелерін аралап, атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Делегация №2 және №5 қалалық емханаларындағы, сондай-ақ «Алмаз Медикал Групп» орталығының базасында жұмыс істейтін “Жастар” денсаулық орталықтарының қызметімен танысты.
Бұл орталықтар – жас буынға тек медициналық көмек көрсетумен шектелмей, олардың жан дүниесіне демеу болатын, әлеуметтік әрі психологиялық қолдауды қатар ұсынатын кешенді алаң. Мұнда алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп, түрлі бағыттағы кеңестер беріледі, жастардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бастамалар жүзеге асады.
Кездесу барысында Нәзипа Ыдырысқызы орталық қызметкерлерімен әңгімелесе отырып, жас буынға сапалы медициналық көмек көрсетудің, олардың физикалық қана емес, психоәлеуметтік саулығын қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол мұндай бастамалардың қоғамдағы жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына, олардың әлеуетін дұрыс бағытта дамытуға елеулі ықпал ететінін жеткізді.
Жастардың дені сау болуы – елдің болашағының кепілі. Сондықтан мұндай орталықтардың тәжірибесін кеңейту, олардың қызметін жетілдіру – тек бір өңірдің емес, бүкіл мемлекет деңгейіндегі стратегиялық міндеттердің бірі.