Жамбыл онкоорталығында аз инвазивті әдіспен өкпе обырына сәтті ота жасалды

Жамбыл онкоорталығында аз инвазивті әдіспен өкпе обырына сәтті ота жасалды
Жамбыл онкоорталығында аз инвазивті әдіспен өкпе обырына сәтті ота жасалды
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында заманауи аз инвазивті әдіспен күрделі өкпе ісігін жою бойынша сәтті операция жасалды. Бұл - өңір медицинасы үшін маңызды жетістік саналады.
1975 жылы туған азамат Ж. "сол жақ өкпенің төменгі бөлігінің обыры" диагнозымен ауруханаға түскен. Оған дәстүрлі ашық тәсілмен емес, қазіргі таңда кең таралып келе жатқан торакоскопиялық лобэктомия әдісімен ота жасалды. Бұл – көкірек қуысын кеспей, бар болғаны үш кішкентай (шамамен 1 см) тілік арқылы жасалатын операция түрі.
Операцияны жоғары санатты онкохирург Марат Қалиев жүргізді. Хирургтың айтуынша, бұл тәсіл тіндерді аз зақымдап, асқыну қаупін төмендетіп, науқастың оңалу үдерісін едәуір жылдамдатады.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы, ол белсенді оңалу кезеңіне өтті.
Жамбыл онкоорталығы бүгінде өкпе ісігінен бөлек, ішкі ағзалар мен зәр шығару жүйесінің қатерлі ісіктеріне де заманауи эндоскопиялық оталар жасап келеді.
Медициналық мекеме озық торакоскопиялық және лапароскопиялық құралдармен, сондай-ақ трансуретралды резекция (ТУР) жүйелерімен толық жабдықталған.
– Бұл ота онкологиялық науқастарды тиімді әрі қауіпсіз әдіспен емдеуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық медицинаның тағы бір дәлелі. Біз аз инвазивті тәсілдер арқылы көптеген пациентке өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесе аламыз, – дейді орталық мамандары.
Жаңа әдістердің енгізілуі - өңір тұрғындарына Астана және басқа ірі қалаларға бармай-ақ, өз аймағында сапалы онкологиялық көмек алуға жол ашып отыр.