Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тараз қаласындағы №5 қалалық емханасының жұмысымен танысты
Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарының соңында ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Тараз қалалық №5 емханасына барып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметімен, мекеменің материалдық-техникалық базасымен және тұрғындарға медициналық қызмет көрсету жағдайымен танысты. Сондай-ақ, емхана жұмысының ұйымдастырылуы мен бөлімшелердің өзара байланысына ерекше назар аударды.
Емхананың бас дәрігері Динара Сарсенованың айтуынша, мекеме 65 мыңнан астам ересектер мен балаларға алғашқы медициналық-санитарлық, кеңестік-диагностикалық, жедел медициналық (4 санат бойынша) және стационарды алмастыратын көмек көрсетеді. Мұнда 37 жалпы тәжірибелі дәрігер, 123 орта буын медицина қызметкері, тар бейінді мамандар, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Сондай-ақ, 5 отбасылық денсаулық орталығы, профилактика, диагностика, оңалту бөлімшелері және жедел жәрдем қызметі бар. Мекеме денсаулықты басқарудың заманауи модельдерін және қоғамдық мониторинг жобаларын енгізіп, халыққа қызметтің қолжетімділігін байланыс арналары мен мобильді қосымшалар арқылы қамтамасыз етіп отыр.
Бірінші вице-министр алдымен тіркеу бөліміне барып, науқастарды қабылдау мен жазу жүйесімен танысты. Дәрігерге дейінгі тексеру бөлмесінде алғашқы қарап-тексеру және жедел көмек көрсету жұмысы көрсетілді. Сондай-ақ, денсаулық кабинеті қызметімен танысып, онда салауатты өмір салтын насихаттау және аурулардың алдын алу бойынша бағдарламалар жүзеге асырылатынын көрді.
Ерекше қызығушылық тудырған нысандардың бірі – денсаулық мектебі болды. Мұнда пациенттерге өз денсаулығын бақылау және сақтау дағдылары үйретіледі. Ал әлеуметтік қызметкер кабинеті тұрғындарға әлеуметтік қолдау мен бейімделу мәселелерінде көмек көрсетеді.
Вице-министр сондай-ақ патронаж мейірбикелерінің бөлмесін аралап көрді. Мұнда жүкті әйелдерге, ерте жастағы балаларға және қарт науқастарға жүйелі бақылау жүргізіледі, бұл аурулардың алдын алуға және уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
Сапар барысында даму және ерте араласу орталығы да таныстырылды. Мұнда тәжірибелі мамандар – балалар неврологы, педиатр, логопед, психолог, дефектолог және әлеуметтік қызметкерлер қызмет көрсетеді. Әр балаға жеке тексеру жүргізіліп, отбасының қатысуымен оңалту бағдарламасы жасалады. Орталық ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіп, баланың даму ерекшеліктері бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, мамандар отбасымен тығыз байланыста жұмыс істеп, қажетті дағдыларды үйретеді және әлеуметтік бейімдеу сабақтарын өткізеді.
Кездесу барысында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытудың өзекті мәселелері мен болашағы талқыланып, жергілікті деңгейде кешенді медициналық көмектің маңызы атап өтілді.