Онкологиялық қызметті дамыту: сәулелік терапия бөліміне жұмыс сапары
Қазақстан Республикасында 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрестің кешенді жоспарына сәйкес, өңірлерді заманауи сызықтық үдеткіштермен кезең-кезеңімен жарақтандыру көзделген. Бұл жабдықтар «Қазақстан халқына» қоры есебінен сатып алынады. Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы ҚазОНКОИ (Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты) және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, облысты осы тізімге енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Ағымдағы жағдайды бағалау мақсатында Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Жамбыл облыстық онкология және хирургия көпбейінді орталығының сәулелік терапия бөлімшесіне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол қолданыстағы сызықтық үдеткіштің жағдайын тексеріп, болашақта қосымша жабдық орнату жоспарланған екінші бункердің техникалық дайындығымен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша Сержан Назарбек сызықтық үдеткіштер нарығын зерттеп, олардың техникалық сипаттамаларын, орталықтың қолданыстағы инфрақұрылымына сәйкестігін талдау үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.
Сонымен қатар, орталық директоры Жандос Сейдахметовке жаңа үдеткіш сатып алу кезінде моральдық және техникалық тұрғыдан ескірген жабдықты есептен шығару мәселесін пысықтау тапсырылды.
Айта кету керек, қазіргі уақытта қолданыстағы жабдық заманауи талаптарға сай келмейді және жаңартуды қажет етеді.