Жамбыл облысында медициналық қызметтердің ашықтығын арттыру мақсатында Face ID технологиясы енгізілуде
Жамбыл облысындағы 30 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымындағы 3 185 жұмыс орнының 1 926-сы веб-камералармен жабдықталған. Қалған жұмыс орындары үшін веб-камералар медициналық ұйымдардың қаражаты есебінен сатып алынуда.
Пациенттерді цифрлық сәйкестендіру тәртібін түсіндіру мақсатында хабарлаймыз: Қазақстан Республикасында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. бұйрығымен бекітілген стандартқа сәйкес, пациенттерді сәйкестендіру үшін «Цифрлық құжат» сервисі (электрондық үкімет порталы) және Face ID технологиясы (ҚР азаматтары үшін, 16 жастан бастап) қолданылуы мүмкін.
Аталған мүмкіндіктер болмаған жағдайда сәйкестендіру жеке куәлік арқылы жүргізіледі.
Бүгінгі күні Жамбыл облысында барлығы 91 медициналық ұйым Face ID технологиясына кезең-кезеңімен қосылды.
2025 жылғы 10 шілдедегі жағдай бойынша тұрғындарға көрсетілген қызметтердің жалпы саны – 1 339 245, оның ішінде 93 504 қызмет қашықтан көрсетілген, бұл жалпы көлемнің 6,98%-ын құрайды.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 747 телемедициналық кеңес өткізілді.
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және цифрлық технологияларды қолдану арқылы медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда.